ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті:
– “Қазақстан цифрлық экономика құруға міндетті. Онсыз болмайды. Біз өз мүмкіндіктерімізді дұрыс әрі шынайы бағамдап, жаңа технологиялар ұсынатын жақсы дүниенің бәрін халық игілігіне пайдалануға тиіспіз. Digital Qazaqstan кешенді стратегиясын іске асыру үшін негізгі инфрақұрылым салу ісі басталып кетті”.
Цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект архив ісін де айналып өтпеді. Өткеннің өнегесін сақтап, ел шежіресін келер ұрпаққа жеткізу – басты міндет. Бұл бағытта облыста ауқымды жұмыс атқарылған. Қазіргі таңда облыстық архив ғимаратында 2 млн-нан астам құжат сақтаулы. Оның 13 пайызы – құнды деректер. Мамандар ат басындай алтыннан қымбат жазбалардың барлығын цифрлық жүйеге енгізген. Мекеме директоры Сәуле Мәлікова заман игіліктерін босқа қолданбай, пайдаға жарату керек деп есептейді.
СӘУЛЕ МӘЛІКОВА, СҚ мемлекеттік архивінің директоры:
– “Қазіргі таңда қарапайым азаматтар да, ғылым мен білім саласының өкілдері де смартфондар мен компьютерлерді күнделікті өмірде кеңінен қолданады. Дегенмен, бұл құрылғылар көбінесе тек ойын-сауық мақсатында ғана пайдаланылып жатады. Сондықтан заманауи гаджеттерді білім беру саласында тиімді бағытқа бұрып, оқушылардың білімін тереңдетуге, сондай-ақ олардың оқу үдерісіне деген көзқарасын заман талабына сай өзгертуге айрықша көңіл бөлу қажет”.
Мұрағат – сарғайған қағаздар сақтайтын ғана емес, ел тарихын түсінуге мүмкіндік беретін орын. Теріскейлік мамандар жастардың тарихи деректерге деген қызығушылығын арттыру үшін жаңа тәсілді қолға алған. Мекеме қызметкерлері қазақ баспасөзінің дамуына зор үлес қосқан “Бостандық туы” газеті жайлы бар ақпарды тауып, жинаққа айналдырыпты. Кейін барлық мәліметті цифрлық жүйеге енгізген.
СӘУЛЕ МӘЛІКОВА, СҚ мемлекеттік архивінің директоры:
– “Бостандық туы” газетінің шығу тарихын цифрлық жүйеге енгіздік. Қызықты қылып, жинақ жасадық. Жастар смартфондары арқылы қызыға көре алады. Зерттеуге де мүмкіндігі бар”.
Алдағы уақытта облыста құнды құжаттарды қоғам игілігіне жарату бағытында жүйелі жұмыс жұмыс жалғаса бермек.
Жаннур Бектурганова