Спорт

Петропавлдағы НЗМ-ның қыздар командасы Алматыға жолдама алды

Облыс орталығында Назарбаев Зияткерлік мектептерінің оқушылары арасында баскетболдан желілік спартакиаданың өңірлік кезеңі өтті. Жарыста Астана, Көкшетау және Петропавл қаласының ұлдар мен қыздар командалары бақ сынады. Ойындар айналмалы жүйе бойынша ұйымдастырылды. Яғни, құрамалар бір-бірімен кездесіп, мықтыны анықтады.

ДОС ӘУБӘКІРОВ, Назарбаев Зияткерлік мектебінің дене шынықтыру пәні мұғалімі:
– “Жарысқа 3 қаладан 9 команда қатысты. Осы жарыста 1-ші және 2-ші орын алған командалар келесі финалдық кезеңге жолдама алды. Финалдық кезең Алматы қаласында желтоқсан айында өткізіледі”.

Шешуші ойында командалар жеңіс үшін барын салды. Ұлдар арасында көкшетаулықтар астаналықтарға 31:32 есебімен жол берді. Петропавлдықтар да елордалықтарға есе жіберді. Ал қыздарымыз жарады. Олар қарсыластарынан басым түсті.

МИРА ҚЫДЫРБАЕВА, Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы, Петропавл қаласы:

– “Біздің команда 1-ші орын алды. Жарыс өте жақсы өтті. Намысты қолдан бермедік. Бұл жарыс өзге мектептердің оқушыларымен танысуға, жақын араласуға ықпал етті. Әсіресе, Көкшетау командасының қыздарымен достасып алдық”.

Әр кездесу қатысушылардың дайындығын сынап, тактикалық шешім қабылдауына мүмкіндік берді. Баскетболшылар тәжірибе жинады.

ИСЛАМ ХАЙНЕТОВ, Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы, Астана қаласы:
– “Командалардың дайындығы жоғары болды. Мен үшін ең қызықты әрі ең қиын кезең – финал, әсіресе петропавлдықтармен бірінші орын үшін таласқа түсу тартысты өтті. Себебі, мен өзім де бұрын осында оқығанмын, жігіттердің барлығын жақсы танимын. Олармен бәсекелесу маған ерекше ұнады”.

Ұлдар командасы алдағы жарыстарға жоспар құрса, қыздарымыз дайындықты жалғастырмақ. Олар желілік спартакиаданың финалында топ жаруды мақсат тұтып отыр.

Жансая Дербисова