Заң

Петропавлда өндірістегі еңбек қауіпсіздігі талқыланды

Облыстық кәсіподақтар орталығында аймақ жетекшісінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетовтың қатысуымен арнайы жиын өтті. Оның барысында еңбек қауіпсіздігі, өндірістік жарақаттану және жұмысшылардың құқығын қорғау мәселесі сөз болды. Марат Иманбайұлы қауіпсіз еңбек жағдайын қалыптастыруға мемлекетпен қатар жұмыс берушілер мен қызметкерлер де бірдей жауапты екенін айтты.

МАРАТ ТАСМАҒАНБЕТОВ, СҚО әкімінің бірінші орынбасары:
-“Халықтың тұрмыс сапасын жақсарту, өңірдің тұрақты дамуын қамтамасыз ету көп жағдайда әлеуметтік диалог аясындағы бірлескен жұмысқа байланысты. Қоғамда адал еңбек міндетті түрде бағаланып, әр адам еңбегіне қарай лайықты құрметке ие болуы тиіс. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылғы 28 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауында адал әрі нәтижелі еңбек пен заң және тәртіп қағидаттарын қоғамның басты құндылықтары ретінде атап өтті”.

Статистикаға сүйенсек, жалпы жыл басынан бері теріскейде жұмыс барысында 26 жазатайым оқиға тіркелді, салдарынан 30 адам түрлі жарақат алды. Олардың арасында қаза тапқандар да бар

МИРАС САБАҒАНОВ, СҚО мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы:
– “Мұндай факті тіркелген серіктестіктер мен мекемелерге жоспардан тыс 55 тексеріс жүргіздік. Нәтижесінде еңбекті қорғау талаптарын бұзудың 217 дерегін анықтадық. Жұмыс берушілер 11 млн теңге көлемінде айыппұл арқалады. Бұдан бөлек полиция департаменті тағы 4 істі сотқа жолдады. Яғни, айыпты тұлғалар бас бостандығынан айырылуы мүмкін”.

Кәсіподағы бар мекемелерде қауіпсіздік басым

Осы ретте кәсіподақ ұйымдары да еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуге атсалысады. Мәселен, осындай ұйымы бар мекемелерде арнайы техникалық инспекторлар тағайындалады. Олар жұмыс орындарын тексеріп, қауіпсіздік талаптарын сақтауды қамтамасыз етеді. Қазіргі күні бұл өз нәтижелерін беруде.

ЛЮДМИЛА ГОЛЕНКОВА, СҚО кәсіподақтар орталығы жанындағы Заң клиникасы филиалының жетекшісі:
– “Жазатайым оқиғаларға талдау жүргізетін болсақ, кәсіподақ ұйымдары бар мекемелерде өндірістік жарақаттану көрсеткіші әлдеқайда төмен. Ондағы оқиғалар жалпы статистиканың шамамен 15 пайызын ғана құрайды. Мұны мемлекеттік, ішкі және қоғамдық бақылаудың өзара үйлесімді жұмысының нәтижесі деп білеміз. Өкінішке қарай, мұндай бақылау әзірге барлық мекемеде бірдей жолға қойылмаған. Ал оны дамыту – кәсіподақтардың негізгі міндеттерінің бірі”.

Жиын соңында Марат Иманбайұлы еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмысты күшейтуді тапсырды. Атап айтқанда, кәсіпорындарда қауіпсіздік талаптарының сақталуын тұрақты бақылау, өндірістік жарақаттанудың алдын алу және жұмыс берушілердің жауапкершілігін арттыру қажеттігін атап өтті.

Улан Ыдырыс