Заң

Петропавлда автобусқа жылдамдық асыру фактісін тіркейтін кешен орнатылды

Петропавл көшесінде жүретін қоғамдық көліктің бірінде жылдамдық асыру дерегін автоматты түрде тіркейтін мобильді кешен іске қосылды. Жаңа жүйенің тиімділігі алғашқы күндерден-ақ байқалуда. Сынақ режимінде жұмыс істеген камера көмегімен зулаған 15 жүргізуші тіркеліпті. Ал халыққа заман игілігі таныстырылғалы 1 ғана дерек анықталған.

Жыл басынан бері Петропавлда 300-ден астам жол-көлік оқиғасы тіркелген. Салдарынан 2 адам қаза тауып, 130 адам жарақат алды. Жаңа жүйе бұл статистиканың ұлғаймауына септеседі. Айта кетейік, мобильді кешен 4А бағыты бойынша жүретін автобусқа орнатылды.

АЛТЫНБЕК ЖАМАЛИЕВ, СҚО ПД ӘПБ бастығы:
– “Басты мақсатымыз – айыппұл салу емес, осы тәсіл арқылы жол-көлік оқиғаларының алдын алғымыз келеді. Өз жемісін береді деген сенімдемін. 4А бағытындағы автобус Пестрое жағажайынан бастап, Солнечный шағын ауданына дейін жүреді”. 

Айта кету керек, жыл соңына дейін тағы 2 автобусқа осындай кешен орнату жоспарланып отыр.

Нурасыл Ахмет