ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті:
– “Соңғы уақытта мектептерде оқушылар ұстаздарына дөрекі сөйлеп, тіпті, күш қолданатын жағдайлар да аз емес. Мұндай кезде көбінесе мектеп әкімшілігі де мұғалімге қысым көрсетіп жатады. Бұл – дұрыс емес. Әр мәселе мұқият әрі жан-жақты қаралуға тиіс. Кез келген жағдайға отбасы да, оқушы да, ұстаз да, мектеп те – бәрі де бірдей жауапкершілікпен қарауы керек. Оқу-ағарту министрлігі бұл жұмысты жіті назарда ұстауы қажет.
Шынымен, соңғы уақытта ұстазға дөрекі сөйлейтін, тіпті, қол көтеретін оқушылардың саны артып барады. Мұндай видеолар әлеуметтік желілерде жетерлік. Өкінішке қарай, қоғамда оқушының мұғалімге қарсы шығуы қалыпты жағдайға айналып бара жатқан сыңайлы. Бұл мәселе ардагер ұстаз Жангелді Тәжинді қатты қынжылтады.
ЖАНГЕЛДІ ТӘЖИН, ардагер ұстаз:
– “Оқушы болып жүрген кезде мұғалімнің алдын кесіп өтпейтінбіз. Көзіне тіке қарамайтынбыз. Бұл біз үшін Алтын заң болды. Қазір осының барлығын ұмытқанымыз өте өкінішті. Бұрын ата-аналар ұстазға шәпкесін шешіп, сәлем беретін”.
Ежелден қазақ халқы ұстазды құдайындай сыйлаған. Зиялы қауым өкілдері де өз жазбаларында мұғалімнің қоғамдағы орнын тайға таңба басқандай айқындап отырды. Оны Мағжан Жұмабаевтың «Алты алаштың баласы бас қосса, төр – мұғалімдікі, Ахмет Байтұрсыновтың “Ұстаздың білімі мен біліктілігі – ұлт болашағының негізі” деген сөздерінен байқауға болады. Қазір қанша жерден білім саласына жасанды интеллект енгізілсе де олар педагогтің орнын ешқашан баса алмайды.
ЖАНГЕЛДІ ТӘЖИН, ардагер ұстаз:
– “Бала ешқашан өздігінен білім ала алмайды. Мұғалім ұл-қыздарға білім беріп қана қоймай, тәлім-тәрбиені бойына сіңіреді. Президенттің ұстаздардың жұмысына баса назар аударғаны көңілімді қуантты”.
Білім саласына енгізілген әр өзгеріс мұғалімнің жұмысын жеңілдетуге, оның қызметіндегі артық жүктемені азайтуға бағытталуы керек. Іс жүзінде бұл міндет толық орындалмай жатқаны жасырын емес. Бұрын қағазбастылық көп еді. Енді оның орнын түрлі платформа мен цифрлық жүйелердегі есептер басып отыр. Мемлекет басшысы өз Жолдауында ұстаздың негізгі миссиясы – балаға сапалы білім беру, яғни сауатты, саналы ұрпақ тәрбиелеу екенін атап өтті. Сондықтан бұл міндеттерді орындауға кедергі келтіретін басы артық жұмысты доғару қажет.
Нурасыл Ахмет