Қоғам

СҚО-да құмардың қамытын киген адамдар көбейіп барады

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:
– “Бұл – психикалық ауру. Өзіне тартатын, ал уысына мықтап қысқасын жібермейтін магниті бар сияқты. Басында жай ғана әуестенген адам соңында теңіздің түбіне түскендей тәуелділіктің тұңғиығынан шыға алмай қалады. Бұл – ой-сананы улаған, көпті ақыл-есінен адастырған, жақындарынан жырақтатқан, тіпті өмірді қиған лудомания. Жылдан-жылға қоғам дертінің ауқымы кеңейіп бара жатыр. Өзекті мәселе еріксіз ойландырады, еріксіз алаңдатады”.

Қазіргі қоғамда құмар ойынның қамытын кигендер жетіп жатыр. Соқыр сенім жасты да, қартты да, тіпті қыз-келіншектерді де алға жетелеп, ақыр соңында сан соқтыруда. Адамды өзіне жіпсіз-ақ байлап тастаған нендей күш? Бұл – сипаттау қиын өте қауіпті дерт. Психикалық ауру ақ пен қараны ажырата алмайтын тұрғындар былай тұрсын, қиналғанға қиыла жәрдем берер психологтардың да жағасын ұстатып отыр.

ҒАЛИЯ БАЯЗИТОВА, практикалық психолог:
– “Лудомания – адамды күйзеліске әкелетін ерекше бұзылыс. Мұндай адам айналасындағы адамдармен байланысын үзеді. Бұған себеп – тәуелділік”.

«Бәлен жерде бақыр бар, барсаң, бақыр түгіл тақыр жоқ» деп қазақ бекер айтпайды. Құмар ойын қызықтырады, адамның көз алдына қыруар қаржы мен жайлы өмір әкеледі. Осы кезде басы айналған немесе тәуелділіктің тұсамысы салынған кейбір жандар жанұясы мен балаларын да ұмытады. Мысалы, алимент төлемейтін тұлғалардың арасында құмардың құлы болып жүргендер жетерлік. Оларға жәрдемге мұқтаж ұлы мен қызынан бәс пен ұтыс артық. Ал мұндай жандарға қылмыстық және әкімшілік жаза қарастырылғанын білген маңызды.

АИДА ШҮКІРБАЕВА, СҚО жеке сот орындаушылары өңірлік палатасының басшысы:
– “Ол кісі 5 млн теңгеден астам алимент төлемеген. Ал онлайн-казинодан 900 мыңнан астам ақша тапқан”.

Құмар ойынға құмартқан солтүстікқазақстандықтар елордада ем алуда

Бұл психикалық аурудан айығуға болады. Оңай емес. Кенеше жабысқан кесел бірден кетпейді. Мұндай сәтте баласы үшін шырылдаған ата-ананың да, құмарға әуес бауыры үшін қарызға батқан ағаның да ақыл-кеңесі әсер етпеуі мүмкін. Қан сезген жыртқыштай тек алға ұмтылатын лудомандарға білікті психологтардың жәрдемі қажет. Бірақ, бұл жерде де назар аудартатын жайт бар. Маманның пікіріне құлақ түрейік.

ҒАЛИЯ БАЯЗИТОВА, практикалық психолог:
– “Бізден көмек сұрайтындар болды. Бірақ, олар өз ниетімен келмейді. Ата-аналарының түрткі болуымен келеді. Мұндай жағдайда лудоманиядан арылуы өте қиын”.

Әй деген әжеге, қой деген қожаға, тіпті тамырынан басқан психологтарға құлақ түрмеген адамдар арнайы орталықтарға жүгіну керек. Мұндай ұйымдар Астанада бар. Біріне хабарласып, қоғамдық мәселенің тереңіне бойлаған сала өкілдерімен сөйлестік. Елордалық мамандар лудомандарға кешенді көмек қажет дейді. Егер құлшыныс отын шоғына дейін сөндірмесең, әрмен қарай лаулай береді екен. “Ауру қалса да, әдет қалмайды әдет” деген мақал еріксіз еске түседі.

ДИНАРА ҚОЖАХМЕТОВА, клиникалық психолог, Астана:
– “Бізге 15 жастағы бала да, 40-50 жастағы ересек адам да келеді. Орталықта дәрігерлер, кеңесшілер, психологтар, психотерапевттер командасы жұмыс істейді.”

Отандастарымызға және шетелдіктерге сапалы қызмет көрсетіп келе жатқан елордалық мамандар 6 айлық курс ұсынады. Жақында ғана 2 солтүстікқазақстандық азамат арнайы ем қабылдап, үйге жіберіліпті. Мынаны ұғыну керек, адам өрмекшінің торына түссе де жаңа өмір бастай алады. Ең бастысы, қателікті түсіну, жігер таныту және құмар ойынның құрсауынан шығамын деген мақсатпен алға ұмтылу керек.

Байболат Култанов