ҰЛАН ЫДЫРЫС, тілші:
– “Петропавлдағы “Арман” балаларға әлеуметтік қызмет көрсету орталығына жаңа оңалту жабдықтары сатып алынды. Көпке мәлім, “Samruk-Kazyna Trust” қоры қолдау көрсетті. Құны 11 млн теңгені құрайтын құрылғылар балалардың аяқ-қол қимылдарын қалпына келтіруге көмектеседі. Бұл қордың Солтүстік Қазақстан облысында жүзеге асырып жатқан әлеуметтік жобаларының кезектісі дей аламыз”.
Бұл – тірек жүктемесін имитациялайтын “Корвит” аппараты. Орталыққа арнайы қордан сыйлыққа келген қондырғы бірден балалардың көңілінен шықты. Ал мына қолғап – қол мен саусақтардың қимыл-қозғалыс функцияларын қалпына келтіруге арналған. Оның тиімділігі жоғары. Жалпы, қазіргі күні “Арман” балаларға әлеуметтік қызмет көрсету орталығында 14 ұл-қыз бар. Жаңа жабдықтар әр баланың қажеттілігіне қарай оңалту шараларының түрлерін кеңейтуге мүмкіндік береді. Мұнда педиатр-дәрігер, медицина қызметкерлері, арнайы нұсқаушылар, логопед, психологтардан құралған 30-ға жуық адам жұмыс істейді.
ЖАННҰР ҚАЙЫРДЕНОВА, орталық тәрбиеленушісі:
– “Мен осы орталыққа 2025 жылы келдім. Барлығы ұнайды. Мұнда жауапкершілігі жоғары адамдар көп, алдыңнан жаңа мүмкіндіктер ашылады. Жаңа достар таптым. Түрлі конкурсқа қатысып өзімді дамытып жүрмін”.
Мемлекет басшысы өз Жолдауында мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдау және олардың өмір сапасын жақсарту мәселесіне ерекше назар аударған болатын. Осы орайда оңалту қызметтерінің қолжетімділігін арттырып, заманауи технологияларды енгізу маңызды. Бүгінде орталықта ұл-қыздардың оңалтудан өтуіне барлық жағдай жасалған. Ата-аналардың алғысы шексіз.
АНАСТАСИЯ ЖАДАН, орталық тәрбиеленушісінің анасы:
– “Менің балам “Арман” балаларға әлеуметтік қызмет көрсету орталығына 4 жылдан бері келеді. Мекеме мамандарына алғысым шексіз. Сондай “Samruk-Kazyna Trust” қорына ризашылығымды білдіремін. Себебі жаңа келген құрылғылар қажет, олардың тиімділігі де жоғары. Қызымның да көңілінен шықты”.
Қазіргі таңда өңірде мүгедектігі бар 2 жарым мыңға жуық бала тұрады. Оларға әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында өңірде балаларға арналған екі әлеуметтік қызмет көрсету мекемесі жұмыс істейді. Оның бірі – “Арман” әлеуметтік қызмет көрсету орталығы болса, екіншісі – психоневрологиялық ауытқулары бар балаларға арналған Петропавл қалалық орталығы. Бүгінде қос мекемеде 120-ға жуық бала әлеуметтік қызмет алады.
АЛТАЙ СЕЙІТОВ, СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары:
– “Бұдан бөлек, жыл соңына дейін балаларға арналған тағы бір оңалту орталығын ашу жоспарланып отыр. Жаңа мекеменің негізгі мақсаты – мүгедектігі бар балаларға оңалту және арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету. Атап айтқанда, аутизм және басқа да менталдық бұзылыстары бар балалар осы орталықтың қызметін пайдалана алады”.
Айта кетейік, өңірде 2016-2026 жылдар аралығында “Samruk-Kazyna Trust” қорының қолдауымен жалпы құны 5,2 млрд теңгені құрайтын 9 әлеуметтік жоба жүзеге асырылды. Осы кезеңде қордың өңірдегі әлеуметтік жобалары 169 мыңнан астам тұрғынды қамтыды.
Улан Ыдырыс