ЖАННҰР БЕКТҰРҒАНОВА, тілші:
– “Теріскейдің Айыртау ауданы өзінің тарихи, мәдени мұрасымен белгілі. Бүгін киелі мекеннің тарихымен танысу үшін сонау Ұлыбританиядан белгілі ғалым әрі журналист Ник Филдинг және Almaty Management University президенті Асылбек Қожахметов келіп отыр. Қазір біз “Ботай” музейіндеміз. Мұнда 14 мыңнан астам бірегей тарихи артефакт сақтаулы тұр”.
Музей Саумалкөл ауылында орналасқан. Қос экспозициялық зал жұмыс істейді. Келген бетте шетелдік қонаққа ұлттық дәм ұсынылып, Ақан серінің “Балқадиша” әні шырқалды. Кейін көне дәуірде адамзат алғаш рет жылқыны қолға үйреткен кезеңге қатысты бірегей жәдігерлер таныстырылды.
Жыл сайын бұл музейге еліміздің түкпір-түкпірінен ғана емес, алыс-жақын шетелдерден де тарих зерттеушілері мен туристер ат басын бұрады. Бұл жердің әлемдік ғылымдағы маңызы күн санап артып келеді. Осы бағытта музей ұжымы ауқымды жұмыстар атқаруда.
СӘБИНА АМИРОВА, “Ботай” мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының директоры:
– “Биыл “Ботай” музей-қорығы ЮНЕСКО-ның алдын ала тізіміне енді. Қазіргі уақытта біз ауқымды жоба бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Басты мақсатымыз – әлемдік деңгейдегі тарихи мұрамызды сақтау, насихаттау және әрі қарай жаңғырту”.
Британдық зерттеуші Ник Филдинг Қазақстан және Орта Азия тарихын 40 жыл бойы зерттеп келеді. Зерттеулері туралы бірнеше кітап жазған. “Ұлы дала саяхатшылары” атты еңбегі 2020 жылы жарық көрген. Кітапта XIII ғасырдан XX ғасырдың басына дейінгі аралықта Орталық Азия мен Қазақ даласына саяхат жасаған батыстық саяхатшылар, зерттеушілер, дипломаттар мен миссионерлердің естеліктері мен жазбалары жинақталған. Ғалым Қазақстанның солтүстігіне алғаш рет келіп отыр.
НИК ФИЛДИНГ, журналист-ғалым, Ұлыбритания:
– “Мен Қазақстанның әр өңірін шамамен 20 рет араладым, бірақ теріскейге алғаш рет келіп отырмын. Елдің тарихын толық түсіну үшін осы аймақпен танысуды маңызды деп санаймын. Ботай адамзат дамуында зор рөл атқарады. Жаңа өркениеттің бастауы болып табылады. Музейдегі жәдігерлер таңғалдырды. Терең тарихтан сыр шертетін дүниелерді өз көзіммен көру – мен үшін зор мәртебе”.
Өңірге шетелдік қонақпен бірге Almaty Management University президенті Асылбек Қожахметов те келген. Ол – Айыртау ауданындағы Антоновка ауылының тумасы екен. Білікті маман туып- өскен өңірінің туристік әлеуетін арттыру мен тарихын әлемге таныту маңызды екенін атап өтті.
АСЫЛБЕК ҚОЖАХМЕТОВ, Almaty Management University президенті:
-“Ник Филдинг – әлемдік деңгейдегі саяхатшы. Онымен көп жылдан бері бірге жұмыс істеп келеміз. Қазақ даласының барлық аймағын көрсеткіміз келді. Солтүстік өңір – еліміздің маржаны. Мұндағы көне жәдігерлермен мақтануымыз қажет”.
Алдағы күндері Астанада Шоқан Уәлиханов туралы конференция өтеді. Ник Филдинг бұл жерде басқа да шетелдік ғалымдармен бірге этнограф еңбектерінің ағылшын тіліндегі редакторы ретінде зерттеуін таныстырады. Шетелдік ғалымның сөзінше, Шоқан – ол үшін ерекше тұлға. Сондықтан Айғаным қонысына баруға өзі ниет білдірген.
ЖАННҰР БЕКТҰРҒАНОВА, тілші:
– “Ал қазір біз қазақтың әйгілі ғалымы, жазушысы және зерттеушісі Шоқан Уәлихановтың әжесі Айғаным қонысына келіп жеттік. Бала Шоқанның балғын шағы осы жерде өткен. Бүгінде мұнда бес бірдей құрылыс сақталған: атап айтқанда – Айғаным ханшаның өз тұрған үйі, медресе, монша, шаруашылық қора-жай және мешіт. Бұл мекеннің әр тасы мен бұрышы өткеннен сыр шертіп тұр”.
Облыста 600-ге жуық тарихи-мәдени ескерткіш орналасқан. Соның 3-еуі республикалық маңызы бар ерекше нысандар қатарына кіреді. Үшеуі де – Айыртау ауданында.
ЕРЛАН ҚАЗБЕКОВ, Айыртау ауданы әкімінің орынбасары:
– “Біздің өңір тарихи орындарға бай. Сондай-ақ, Шалқар-Имантау курорттық аймағы еліміздің үздік 20 туристік жердің қатарына кіреді. Жуырда Астанада өткен форумда Имантау туризм бойынша ресми түрде Қазақстанның үздік бестігінің қатарына енді”.
Айыртау ауданында барлығы – 48 туристік аумақ бар. Аудан басшылығының айтуынша, алдағы уақытта туристік бағытты дамыту жоспарланып отыр.
Жаннур Бектурганова