Солтүстік Қазақстан облыстық ТЖД қызметкерлері қоғамдық тамақтану орындарын аралауда. Мамандар кәсіпкерлермен кездесіп, өрт қауіпсіздігі талаптарын түсіндіріп жүр. «Жүз рет естігеннен бір рет көрген артық» демекші, нысандарға бас сұққан сала өкілдері негізгі қауіп жолдарын бастан-аяқ айтады, пешті, құбырлар мен электр жабдықтарын ұстау, ашу арқылы нұсқаулық береді.
АЯН ҚҰСАЙЫНОВ, СҚО ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары:
– “Тұрғындарға, кәсіпорындар мен адам көп шоғырланатын нысан иелеріне пештерді, электр жабдықтарын пайдалану, сондай-ақ газ баллондарын қолдану кезіндегі өрт қауіпсіздігі талаптары түсіндіріледі. Бүгінгі таңда департамент әлеуметтік осал топтағы 5 мыңнан астам отбасыны есепке алған. Жанұяларда шамамен 20 мың адам тұрады. Олардың барлығымен профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, көмірқышқыл газын анықтайтын және түтін датчиктері орнатылды”.
Мұндай форматтағы түсіндіру жұмысы бекерден-бекер ұйымдастырылған жоқ. Жыл басынан бері облыста 371 өрт оқиғасы тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 11 пайызға аз. Алайда тілсіз жаудың салдарынан қаза тапқандар саны басым. Былтыр 26 адам көз жұмса, ал ағымдағы жылы от 27 адамның өмірін жалмаған. Олардың үшеуі – кәмелетке толмаған бала. Бұдан бөлек, 17 тұрғын түрлі деңгейде жарақат алған.
Сандугаш Кайырбек