Облыстық көпбейінді балалар ауруханасында тарихи операция жасалды. Эпилепсиямен ауыратын 2 кішкентай науқасқа кезбе жүйкені ынталандыратын арнайы VNS құрылғысы орнатылды. Заман игілігі кеуденің жоғары бөлігіне қойылады. Оның міндеті – миға әлсіз электрлік импульстер жіберу арқылы жүйке жүйесінің жұмысын реттеу.
ДАНИЯР БЕЙСЕМБАЕВ, СҚО көпбейінді балалар ауруханасы директорының орынбасары:
– “Бүгін ерекше жайттың куәсі атандық. Мұндай операциялар бірнеше жыл бұрын шетелде ғана жасалатын. Енді өңірлерге таралуда. Ерекше отаның қыр-сырын облыстық көпбейінді балалар ауруханасының дәрігері меңгерді, қазір науқастарға көмек қолын созуда. Операция міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру және тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында жүргізіледі. Яғни, ата-аналар құрылғы мен хирургиялық емге қаражат жұмсамайды”.
Балалары үшін күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айрылған ата-аналардың ақ батасын алған маман – Николай Кутырев. Облыстық көпбейінді балалар ауруханасындағы тұңғыш нейрохирург артқан сенімді ақтауда. Қазан айында ғана жұмысқа қабылданған абзал жан VNS құрылғысын орнатуды бес саусақтай біледі. Әдетте бұл аппарат дәрі-дәрмек көмектеспейтін ауыр дерттерді емдеуде қолданылады екен.
НИКОЛАЙ КУТЫРЕВ, СҚО көпбейінді балалар ауруханасының балалар нейрохирургі:
– “Аурухана қабырғасында 4 жастағы ұл балаға және 8 жастағы қызға VNS құрылғысы орнатылды. Бұл науқастар жылдар бойы эпилепсиядан қиналып келген. Әр ота 1 сағатқа жуық уақытқа созылды. Енді балалар 1 жыл көлемінде дәрі-дәрмек қабылдайды. Медициналық құрылғы оң әсерін тигізеді. Оның құны 8 млн теңгеге жуықтайды. Ал операциямен қоса есептегенде қаржының жалпы көлемі 10,5 млн теңгені құрайды”.
Ашығын айту керек, бұл әдіс эпилепсияны толық емдеуге кепілдік бермейді. Дегенмен ұстамалардың жиілігі мен ауырлығын азайтып, науқастың өмір сапасын 50-60 пайызға жақсартуға мүмкіндік береді, дәрі-дәрмекке деген қажеттілік азаяды. Ал құрылғы шамамен 10 жылға дейін қызмет етеді.
Наталья Жаржанова кенже баласының науқас екенін 2 айлығында байқапты. Содан бері басын тауға да, тасқа да соғып жүр. Түрлі емдеу тәсілін қолданған. Алайда ұстамалар тоқтамаған. Енді бауыр еті баласы үшін шырылдаған ананың жаңа құрылғыдан үміті зор.
НАТАЛЬЯ ЖАРЖАНОВА, Ғ. Мүсірепов ауданының тұрғыны:
– “Эпилептолог маманның кеңесімен осы отаны жасату керек деген шешім қабылдадық. Баламызға операция жасалды, енді нәтижесін күтіп отырмыз. Болашақта тек оң өзгеріс күтеміз. Ұстамалары азайып, ұлым біртіндеп дерттен айығады деп үміттенемін. Облыс орталығында мұндай күрделі ота жасалғаны қуантады. Алысқа науқас адаммен барудың өзі – зор машақат”.
Сөз соңында өкінішті сандармен бөлісеміз! Бүгінде өңірде 621 бала эпилепсия диагнозымен есепте тұр. Алдағы уақытта облыстық ауруханада балалар эпилептологын даярлау жоспарланған. Бұл науқастарды тексеру мен емдеу бойынша ұсыныстарды жергілікті жерде алуға мүмкіндік бермек.
Аружан Султанова