Қоғам

Облыс әкімінің орынбасары жауапты мекемелердің қысқы маусымға әзірлігін тексерді

Облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Кеңесов жауапты мекемелердің қысқы маусымға әзірлігін тексерді. Арнайы танысу шарасында Төтенше жағдайлар және Полиция департаменті, “ҚазАвтоЖол” ҰК облыстық филиалы мен жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының дайындығы пысықталды. Тілдесу кезінде жолдарды қардан тазалау, көктайғаққа қарсы материалдар қоры және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері қаралды. “ҚазАвтоЖол” ҰК” облыстық филиалы қыс мезгіліне сақадай сай. Биыл мекеменің көлік паркі су жаңа 16 арнайы техникамен толыққан. Қазіргі күні кәсіпорын балансында 140 техника бар.

ТАЛҒАТ СМАҒҰЛОВ, “ҚазАвтоЖол” ҰК” АҚ СҚОФ директоры.
– “Қысқы жол күтіміне қажетті 8 мың тоннадан астам құм-тұз қоспасы әзірленді. Сондай-ақ, Петропавл-Көкшетау ақылы жол учаскесіне қызмет көрсету үшін химиялық реагенттер қоры жиналды. Суық мезгілде қарды сыртқа шығару жұмыстары да жоспарланған. Қауырт маусымда жұмыс істейтін жеке құрам саны 300-ден асады”.

Өңірдегі жолаушылар тасымалы мен автомобиль жолдары басқармасы да қысқы маусымға дайын. Қазіргі таңда өңір аудандарында 20 тоннаға жуық тұз және бірнеше мың текше метр құм қоры әзірленген. Қажет болған жағдайда адамдар паналай алатын 215 жылыту пункті де жұмыс істейді.

ЕРДЕН ШОРТЫБАЕВ, СҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:
– “Біз өңірдегі 6,3 мың шақырым автомобиль жолына жауаптымыз. Яғни, облыстық және аудандық маңызға ие жолдарды ұдайы бақылауда ұстайтын боламыз. Қыста маңызды іске 250-ден астам арнайы техника жұмылдырылады. Жолаушылар тасымалына келсек, автобус иелерімен ұдайы байланыстамыз. Олармен әңгіме жүргізілді. Кәсіпкерлермен тәртіпті сақтау жайын талқыладық”.

Тексеру қорытындысы бойынша облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Кеңесов жауапты мекемелердің атқарған жұмыстарына оң бағасын беріп, қысқы маусымға дайындық барысына алғыс білдірді. Сонымен қатар, алдағы уақытта әзірлік жұмыстарын күшейтіп, техникалардың сақадай сай болуын және жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуді тапсырды.

Улан Ыдырыс