НҰРАСЫЛ ЕРЖАНҰЛЫ, тілші:
– “Елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық дамуын бағалау, атқарылған жұмыстарды саралау және алдағы міндеттерді айқындау. Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов жұмыс сапарымен Шал ақын ауданында болды. Аймақ басшысы бірқатар әлеуметтік нысанның жұмысымен танысты, жөнделген жол учаскелерін көрді және халықтың мұң-мұқтажын тыңдады”.
Ауданда медицина саласына ерекше көңіл бөлінуде. Орталық аурухана мен емхана жыл сайын жаңа қондырғылармен толығады. Сонымен қатар, жуырда диқандар өз қаражатына аудандық медициналық мекемелерге 7 арнайы көлік сатып алған. Машиналар денсаулық сақтау ұйымдарына салтанатты түрде табысталды.
Шалақындық аграрийлер аудан тұрмысына бейжай қарамайды. Биыл әлеуметтік жауапкершілік жөніндегі меморандум аясында 700 млн теңгеге көмек көрсеткен. Су жаңа автокөліктердің сатып алынуы – 16 мың адамға қызмет көрсететін аурухана үшін зор көмек.
КӘРІМЖАН ИСАХОВ, Шал ақын аудандық ауруханасының директоры:
– “Аудандық ауруханадағы автокөліктер ескі болды. Жаңа тұлпарлардың көбі ауылдық округтерге беріледі. Кейбіріне медициналық қондырғылармен жабдықтаймыз”.
Биыл Сергеевкадағы орталық стадион күрделі жөндеу көрді. Оның аясында футбол алаңының жабыны ауыстырылды, спорттың бірнеше түрімен айналысуға мүмкіндік беретін аумақ пайда болды. Маңызды іске 540 млн теңге қаржы жұмсалған. Атқарылған жұмыспен аймақ басшысы танысты.
Биыл Сергеевка қаласындағы ұзындығы 13 шақырым болатын 23 көше жөндеу көрді. Маңызды жұмысқа 150 млн теңге қаржы бағытталды. Бұл бағытта аудан бойынша біраз іс атқарылған.
ҚАЙРАТ ОМАРОВ, Шал ақын ауданының әкімі:
– “Соңғы 2 жылда ауданда 79 шақырым жол жөндеу көрді. Маңызды іске 8 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалды. Крещенка және Афанасьевка ауылдарындағы 6 көшені асфальттадық. Жергілікті диқандар зор көмек көрсетті. Жүйелі жұмыс жалғасын табады”.
Биыл жергілікті кәсіпкер аудан орталығында техникалық қызмет көрсету орталығын ашқан. Іскер азаматқа жобасын жүзеге асыру үшін “Ауыл аманаты” бағдарламасы аясында мемлекеттен қолдау көрсетіліпті. Дәлірек айтсақ, 15 млн теңгеге су жаңа қондырғылар сатып алған. Жұмыс сапары аясында Ғауез Торсанұлы Крещенка ауылында орналасқан “Шал ақын Агро 2020” серіктестігіне барды. Шаруашылық өңірде алғаш болып Австралиядан абердин-ангус тұқымды 600 бас ірі қара сатып алған. Аймақ басшысы агроқұрылымда аудан диқандарымен кездесті. Шал ақын ауданының егістік алқабы 266 мың гектарды құрайды. Мұнда орақ науқаны 95 пайызға аяқталған.
ҚАЙРАТ ОМАРОВ, Шал ақын ауданының әкімі:
– “Орақ науқанына мыңға жуық техника қатысты. Қамбаға 360 мың тонна астық құйдық. Орташа өнімділік 15 центнерден асады. Мал азығын толық дайындадық. Қазір жер жырту жұмыстары жүріп жатыр”.
Жуырда ауылда ветеринарлық пункт қолданысқа берілді. Нысанның құрылысына 30 млн теңге қаржы жұмсалған. Мұнда жануарларды тексеруге және емдеуге арналған барлық заманауи жабдық бар. Облыста бұл бағытқа ерекше көңіл бөлінуде.
АРМАН ЕЛЕУКИН, СҚО ветеринария басқармасы басшысының орынбасары:
– “Биыл облыста 57 ветеринарлық пункт салынды. Маңызды жұмысқа республикалық және облыстық бюджеттен 2 млрд теңгеге жуық қаржы жұмсалды. Қазір аймақта 430-дан астам мал дәрігері жұмыс істейді. Басты мақсатымыз – мамандарға бар жағдайды жасау.
Крещенка – Шал ақын ауданындағы шоқтығы биік ауыл. Мұнда 400-ден астам адам тұрады. Жергілікті серіктестіктің арқасында жыл сайын қарыштап дамып келеді. Облыс әкімінің сапары аясында елді мекенде жаңа ойын және футбол алаңы қолданысқа берілді. Жастардың қуанышында шек жоқ. Доп қуып, алда өтетін жарыстарға дайындалуда. Ал мына жақта балалар мәре-сәре. Асыр салып ойнап жүр. Жергілікті “Шал ақын Агро 2020” серіктестігі 2019 жылдан бері жұмыс істейді. Осы уақыттың ішінде ауылдың дамуына зор үлес қосты. Биылдың өзінде елді мекенге 300 млн теңге қаражат бөліп, бірнеше әлеуметтік нысан тұрғызған. Облыс әкімі ауылды аралау барысында аудан қарияларымен бірге Мәдениет үйінің алдына сібір шыршасын екті. Бұл ағаштың жапырағы мүлдем түспейді. Ауаны да тазалайды. Демалыс орнына көрік береді. Жұмыс сапары аясында Ғауез Нұрмұхамбетов аудан халқымен кездесті. Тұрғындар ауыз су, жол, энергетика саласы бойынша мәселелер көтерді. Аймақ басшысы жауаптыларға әр түйткілді шешуді тапсырды. Кездесу соңында мінберге аудан әкімі Қайрат Омаров шығып, атқарылған жұмыстарды жіпке тізді. Биыл ауданда 5 мың 400 шаршы метр баспана пайдалануға берілді. Екі мектеп күрделі жөндеу көруде. Ондаған жұмыс орны құрылып, 500-ге жуық адам жұмыспен қамтылған.
ҚАЙРАТ ОМАРОВ, Шал ақын ауданының әкімі:
– “Биыл аудан бюджеті ұлғайып, 4 млрд теңгеден асты. Аудан бюджетіне 506 млн теңге салық түсті”.
Ғауез Торсанұлы жұмыс сапарының соңында Сергеев су торабына барды. Гидронысандағы жағдай тұрақты.
Нурасыл Ахмет