Қоғам

Аққайың ауданында баспана кезегінде тұрғандар үйлі болды

Аққайың ауданында кезекте тұрған әлеуметтік осал санаттағы адамдар үйлі болды. Арнайы топтағы халықты баспанамен қамту үшін бюджеттен 403 млн 500 мың теңге бөлініпті. Қомақты қаржыға 12 жеке тұрғын үй және 14 пәтер сатып алынған. Бүгінде кейбір шаңыраққа жерлестеріміз қоныстанған екен.

НАТАЛЬЯ АУТЕНКО, Смирново ауылының тұрғыны, Аққайың ауданы:
– “Мен Отбасы банк арқылы өтініш беріп, тұрғын үй кезегіне тұрдым. Содан 5 жыл өтті, биыл мынадай шаттыққа кенелемін деп мүлде ойламадым. Қазір мұнда анаммен және 3 баламмен тұрып жатырмын. Бұл баспананы таңдауыма мектеп пен балалар алаңының жақын орналасуы себеп болды. Барлық қажетті нысандар қолжетімді жерде тұр. Жаңа үйдегі жағдайымызға көңіліміз толады”.

Осындай мүмкіндікке қол жеткізген отбасылардың қатарында Кәмшат Нұрымбетованың жанұясы да бар. Оның жолдасы 4 жыл тұрғын үй кезегінде тұрған екен. Жазда бөрікті аспанға атты. Кең, отбасына қолайлы баспананың кілтін қолдарына алып, босағасынан аттады.

КӘМШАТ НҰРЫМБЕТОВА, Смирново ауылының тұрғыны, Аққайың ауданы:
– “Биыл жолдасыма жеңілдікпен баспана берілді. Қазір 4 баламызбен осы үйде тұрып жатырмыз. Үйіміз кең, жылы әрі жағдайы жақсы. Жаз бойы осында тұрып келеміз. Қысқа да дайындалып жатырмыз, көміріміз бар”.

Енді мақсат – қоныс тойын тойлайтын халықтың үлесін арттыру. Бұл бағытта Аққайың ауданында жұмыс жоспары мен арнайы тізім құрылған. Кезегін күткен халықтың арасында әлеуметтік осал топ өкілдері де, заңнамада белгіленген өзге санаттағы азаматтар да бар.

ОЛЬГА БУТЯЕВА, Аққайың аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы:
– “Қазіргі уақытта Аққайың ауданында тұрғын үй кезегінде 340-тан астам азамат тұр. Оның 70-тен астамы – әлеуметтік осал топ өкілі. Қалғаны заңнамада белгіленген басқа санаттар бойынша кезекте тұр. Жеке тұрғын үйлер ағаштан, ал пәтерлер газоблоктан салынған. Барлық құрылыс нормалары сақталған. Әлі де тұрғындар баспаналарына қоныстанып жатыр. Жерлестеріміз тарапынан шағымдар мен ескертулер түскен жоқ”.

Баспаналардың халықтың көңілінен шығуы – басты міндет. Яғни, сапа ұмыт қалмауы керек. Жақында ғана жарық көрген Президент Жолдауында бұл жайлы айтылды. Мемлекет басшысы биыл отандастырымызды үймен қамту жұмысы ерекше қарқын алатынын жеткізді.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті:
– “Барлық аймақта шығармашылық үйлері, спорт кешендері, кітапханалар және ғылыми орталықтар бой көтеруі керек. Әрине, тұрғын үй салу да маңызды міндет болып қала береді. Құрылыс және тағы да құрылыс. Бұл – халқымыздың жасанды интеллект дәуіріне беретін ортақ жауабы”.

Демек, көптің тілегі биыл орындалуы мүмкін. Тізімдегі жерлестеріміздің басым бөлігі Президент жариялаған «Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы» аясында үйлі болуы ықтимал.

Жансая Дербисова