Ауыл шаруашылығы

Солтүстікте – экзотикалық құс: бескөлдік нәзікжанды түйеқұс өсіруді қолға алды

 

Шыр көбелек айналып, шашпаның ішінде шапқылаған нендей құс? Аяқтары жуан, мойны ұзын, денесі ірі мұндай қанатты солтүстікте кездесе бермейді. Тіпті жоқ десек те болады. Көрген адам таңдана әрі тамсана қарайтын тұмсықты енді теріскей жерінде көбеймек.

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:
– “Бәріміз ауылда өстік. Бала кезімізде тауықтың, үйректің, қаздың балапандарын осылай жемдейтін едік. Бүгін Бескөлге арнайы келдік. Бұл жерде ауыл шаруашылығын жан-тәнімен сүйетін азаматша түйеқұс ұстайды. Қате естіп тұрған жоқсыздар, солтүстікқазақстандық нәзікжанды страус өсіруді қолға алды”.

Негізінен айшылық алыс жердегі Африкада, Оңтүстік Америкада кездесетін түйеқұс өңірімізге қалай келді? Құс шаруашылығын бес саусақтай білетін бескөлдік Лариса Колесникова бұл бағытта біраз зерттеу әрі іздеу жұмысын жүргізіпті. Нәтижесінде балапандарын өзіміздің Тараздан тапқан. Қыркүйектің басында 5 басын сатып алып, оңтүстіктен такси арқылы солтүстікке жеткізген. Іскер жанның қанаттыларға деген ерекше махаббатын осыдан-ақ байқауға болады.

ЛАРИСА КОЛЕСНИКОВА, Бескөл ауылының тұрғыны:
– “Осыдан 15 жыл бұрын базарға барып, құс етін сатып алдым. Шынымды айтсам, әкелген өнімім өзіме ұнамады. Жанұямның, кішкентай балаларымның сапалы азық-түлік тұтынғанын қаладым. Сонда “Осы іспен өзім айналыссам қайтеді, қолымнан келе ме? деген сауал туындады. Тәуекелге барып, жұмысты бастадым. Тауық, үйрек, қаз, күркетауық, бөдене және тағы да басқаларын ұстадым. Жақында жаңа бағытты таңдадым. Енді бізге мүлде таныс емес түйеқұс өсіріп, азық алсам, ақша тапсам деймін”.

Бәріне бір күнде, бір айда жету мүмкін емес. Түйеқұстың өзіндік ерекшелігі бар. Ол алғашқы жұмыртқасын тек 3 жылдан кейін береді. Яғни, қанаттылар жақын арада көбеймейді. Ал санын арттырып алса, түрлі бағытта табыс табуға болады.

ЛАРИСА КОЛЕСНИКОВА, Бескөл ауылының тұрғыны:
– “Бірінші бағыт – ет. Етін өзім жеген жоқпын. Тұтынған адамдардың айтуынша, дәмі жас қара малдың етіне ұқсайды, өте дәмді, майлы келеді екен. Осынысымен ертең тұтынушылардың сұранысында болады деп ойлаймын. Тағы қауырсындарын сатып жатады. Бір жасқа келген кезде көз тартатын қауырсындарын құстың өміріне қауіп төндірмейтіндей етіп қиып алуға болады. Оны адамдар сәндік мақсатта пайдаланады”.

Лариса Колесникованың қорасына кірсеңіз, құстардың бағында жүргендей күй кешесіз. Әртүрлі жастағы қанаттылардың дыбысынан құлақ тұнады. Айтпақшы, тұмсықтылардың тұрағы жылытылады. Мына тұсында кәдімгі пеш бар. Отын салсаңыз жеткілікті, жылу нысан ішіне тарайды.

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:
– “Түйеқұстар жылуды өте жақсы көреді. Ал солтүстіктің қысы өте суық. Бұған бескөлдік азаматша ерекше дайындалыпты. Мына қораның едені жылытылады. Арнайы қондырғы тартылған, ертеңгі аяздарда мына жерлер жып-жылы болады”

Лариса Колесникова жолдасының және балаларының қолдауымен ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп жүр. Ол өсіретін қанаттылардың жұмыртқасына сұраныс жоғары. Көршілері, өзге де бескөліктер тапсырыспен сатып алады екен. Жерлесіміз Президенттің Жолдауындағы шағын және орта бизнеске тең мүмкіндік беру қажет деген пікірімен келіседі. Бір қызығы, азаматша болашақта өзге де экзотикалық құстарды өсіргісі келеді.

 

 

 

 

Байболат Култанов