Мәдениет

Петропавлда жаңа заманауи сахналық кешеннің тұсауы кесілді

Петропавлда ашық аспан астында құрылатын жаңа сахнаның тұсауы кесілді. Заманауи кешенді қала әкімдігіне “ЗИКСТО” зауыты тарту етті.  Көлемі 100 шаршы метрге жуықтайтын сахна заманауи техникалық жабдықтармен толық қамтылған. Оның қос бүйірінде LED-экран орналасқан. Әрқайсысының ауданы 28 шаршы метр болады, ал орталық экранның көлемі – 60 метр. Бұдан бөлек, экрандарды қашықтан басқару жүйесі орнатылған. Сондай-ақ, кешенде ашық аспан астындағы іс-шараларға арналған заманауи дыбыс және жарық жабдықтары бар. Мұның барлығы концерттер мен түрлі мәдени іс-шараны жоғары деңгейде өткізуге мүмкіндік береді.

Сахнаның бабын білікті маман біледі. 30 жылдан астам уақыт бойы көрерменді өз өнерімен тәнті қылып жүрген Дәмеш Сапарқызының айтуынша, жаңа сахна барлық талапқа сәйкес келеді.

ДӘМЕШ ҚҰРМАНКИНА, Ақан сері атындағы облыстық филармонияның әншісі, “Құрмет” орденінің иегері:
– “Сахна өте ыңғайлы: қатты биік те, тым төмен де емес, өнер көрсетуге барлық жағынан қолайлы. Жаңа аппаратуралардың да пайдасы зор, дыбыс сапасы жақсы. Қаламызда жыл сайын түрлі мерекелік іс-шаралар өтеді. Осындай игі іске бастамашы болған «ЗИКСТО» зауытының ұжымына, барлық ұйымдастырушыларға және қалалық әкімдікке шын жүректен алғысымды білдіремін”.

Алдағы уақытта жаңа сахна қалада өтетін түрлі шаралардың тұрақты алаңына айналмақ. Мұнда мерекелік концерттер, фестивальдер, балаларға арналған бағдарламалар мен түрлі қоғамдық іс-шаралар өткізіледі деп жоспарланып отыр.

Сандугаш Кайырбек