Петропавлда есірткіге тәуелділік пен заңсыз сауданың алдын алу туралы форум өтті. Мәселе өзекті, жағдай алаңдатарлық. Өйткені, биыл өткен жылға қарағанда екі есе көп синтетикалық есірткі тәркіленген. Мамандардың айтуынша есірткімен ұсталғандардың көбі – 16 мен 25 жас аралығындағы жастар. Заңсыз саудаға тартылғандардың арасында оңай ақша тапқысы келетіндер де аз емес.
ЗАРИНА ПОПОВА, СҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі:
– “16 жастан асқан азамат есірткіні сатып алып, сақтап немесе тасымалдайтын болса ҚР ҚК 297-ші бабы бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылады, яғни 7-ден 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Биыл облыста есірткіге қатысты 200-ден астам қылмыс тіркелді. 500 келіден аса наша тәркіленді, оның 9 келісі – синтетикалық түрі”.
Есірткі саудасы әдетте интернет арқылы ұйымдастырылады. Әлеуметтік желіде оңай табыс табуға жетелейтін хабарландыруды жиі кездестіруге болады. Ал жұмыс іздеген жастардың кейбірі оның заңсыз әрекетке қатысы барын біле тұра жауапкершіліктен жалтарамын деп ойлайды. Жиынға тыңдаушы жастардан бөлек, оңай олжаға кенелемін деп опық жеген кейіпкер де шақырылыпты. Жасы 40-қа таяған Михаил Денисовқа 3 жыл бұрын Telegram-нан жұмыс туралы ұсыныс түседі. Келісімін бергеннен кейін төрт күннің ішінде есірткімен қолға түседі. 11 жыл жаза беріледі. Кейін мерзімі 8 жылға дейін қысқарады. Қауіпсіздігі барынша төмен колонияда жазасын өтеп жатқан ер азамат жастар менің өткен жолыма қарап ойланса екен дейді.
МИХАИЛ ДЕНИСОВ, жазасын өтеуші:
– “Есірткі таратуға келіскен кезде не істеп жүргенімді білдім. Бірақ мені ұстамайды, жауапкершіліктен құтыламын деп ойладым. Жаза өтеу кезінде көп нәрсені қайта ой елегінен өткіздім. Қазіргі уақытта не отбасым, не жұмысым жоқ. Сондықтан жастарға айтарым, ойланбай жасалған қадам бүкіл өмірді теріс жаққа өзгертуі мүмкін”.
Мамандардың айтуынша, есірткі қылмысына қарсы күресте тек заңсыз әрекеттерді анықтау жеткіліксіз. Ең бастысы – жастардың қауіпті ортаға түсуіне жол бермеу. Осы мақсатта жыл басынан бері облыста мыңнан астам профилактикалық іс-шара ұйымдастырылып, 50 мыңға жуық жас қамтылған.
Аружан Султанова