Теміржолда сауысқандай сақ болу керек. Қырағылық танытпасаң, қас пен көздің арасында сан соғып қалуың мүмкін. Осыған орай Петропавл станциясындағы Көліктегі полиция бөлімінің қызметкерлері “Назар аударыңыздар: Теміржолда – балалар!” атты профилактикалық акция өткізді. Оның барысында мамандар вокзал маңында жолаушыларға қауіпсіздік талаптарын түсіндіріп, ескерту жазылған жадынамалар таратты.
ӘДІЛ МҰРАТОВ, Петропавл станциясындағы КПБ бастығының орынбасары:
– “Акцияның мақсаты – балалардың өмірі мен қауіпсіздігін қорғау, теміржолдағы жазатайым оқиғалардың алдын алу және жасөспірімдер арасында қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру. 2026 жылы Петропавл станциясындағы КПБ қызмет көрсету аумағында адамды пойыздың қағып кету бойынша 1 факті орын алды. 2024 жылы – 3, 2025 жылы – 1. Ал 2026 жылы 10 шұғыл тежеу фактісі тіркелді. 2024 жылы – 16, 2025 жылы – 6. Оның ішінде 8 факті – адамдардың теміржолда болуына, 2 факті малдың шығуына байланысты”.
Теміржолдағы тәртіпті әр адам ой дәптеріне түртіп алу керек. Рельсті белгіленбеген жерден кесіп өту, қозғалыстағы вагондарға жақындамау, пойызбен қатарласып жүгірмеу. Осы және өзге де бұзушылықтарға жаза көзделген. Алғашқы рет ескерту жасалады. Егер 1 жыл ішінде осыған ұқсас құқық бұзушылық қайталанса, 3 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Акцияға қатысушы мамандардың айтуынша, Петропавл станциясы арқылы тәулігіне шамамен 2,5 мың жолаушы өтеді. Күніне 10-ға жуық пойыз тоқтайды.
НҰРЖАН ТӨЛЕТАЙҰЛЫ, жолаушы:
– “Пойыз жүрген кезде теміржолдан өтпеу керек. Оңға, солға қарап өту қажет. Пойызға сүйкеніп тұрмау керек. Осындай профилактикалық іс-шаралардың пайдасы өте зор”.
Айта кетейік, жыл басынан бері Көліктегі полиция бөлімінің қызметкерлерімен 2,5 мыңнан астам түрлі әкімшілік құқық бұзушылық анықталған. Балалардың қауіпсіздігіне арналған профилактикалық акция 30-шы қазанға дейін жалғасады. Полицейлер ата-аналарға балаларын қараусыз қалдырмауға шақыртады. Әсіресе, Жұмысшы кентінде тұратын тұрғындар ұл-қыздарына тиісті тәртіпті ұдайы айтып отыруы керек.
Аружан Султанова