Қоғам

Облыстық әкімдікте Мемлекет басшысының Жолдауы талқыланды

НҰРАСЫЛ ЕРЖАНҰЛЫ, тілші:
– “Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында елдің алдағы даму бағыттарын айқындап, жауаптыларға бірқатар маңызды міндеттер жүктеді. Бүгін облыстық әкімдікте саяси шарада айтылған бастамаларды талқылау және оны өңірде жүзеге асыру бағытында жиын өтті. Басты мақсат – Президент берген тапсырмаларды уақытылы әрі сапалы орындап, нақты нәтижеге қол жеткізу”.

Облыс әкімі төрағалық еткен жиынға әр саланың тізгінін ұстаған жандар мен ел ағалары қатысты. Аудан әкімдері де онлайн түрде төбе көрсетті. Ғауез Торсанұлы жиналған қауымға халықтың әл-ауқатын арттыру бағытында бірлесіп жұмыс істеу қажеттігін айтты. Жолдаудың маңызына тоқталды.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– “Биылғы Жолдаудың тарихи маңызы зор. Тәуелдіктің 35 жылдығы және жаңа Конституцияның қабылдануымен тұспа-тұс келіп отыр. Біздің басты мақсатымыз – жеткен жетістіктерді сақтап, өскелең ұрпаққа аманат ету”.

Алқалы жиында облыс экономикасының даму қарқыны жайлы сөз болды. Бұл ретте ауыл шаруашылығындағы жетістіктерді айтпай кетпеске болмайды. Биыл аталған сала қазынаға 700 млрд теңгеге жуық пайда түсірген. Диқандар дәнді және дәнді-дақылдарға арналған алқаптардан 5 млн тоннаға жуық өнім жинаған. Тауарлы-сүт фермаларында 300 мың тоннадан астам сүт өндірілген. Қазіргі таңда облыстың мал шаруашылығындағы тәжірибесін өзге аймақтар қолданып жүр. Бұны Мемлекет басшысы өз Жолдауында тілге тиек етті. Жүйелі жұмыс алдағы уақытта да жалғасын табады.

МАРАТ ТАСМАҒАНБЕТОВ, СҚО әкімінің бірінші орынбасары:
– “Биыл облыс шаруаларына мемлекет тарапынан 220 млрд теңге жеңілдетілген несие берілді. Нәтижесінде серіктестіктердің машина-трактор паркі 1500 жаңа техникамен толықты. Қазіргі таңда сүт және сүт өнімдерін, жем мен жүгері өндіретін ауқымды зауыттар салынуда. Жыл соңына дейін облысқа 5 мың асыл тұқымды ірі қара жеткіземіз. Бүгінде саладағы басты мәселе – кадр тапшылығы. Жалдамалы жұмысшыларды табу қиынға соғуда. Түйткілді шешу жолында жүйелі жұмыс жүргіземіз”.

Ағымдағы жылы облыс экономикасы 111 пайызға өскен. Бұл – ел бойынша 5-ші көрсеткіш. Мемлекет басшысы саяси шарада инвестицияға да ерекше назар аударды. Бұл бағытта облыста ауқымды жұмыс атқарылған. Бүгінде аймақта 392 млрд теңгенің 75 инвестициялық жобасы жүзеге асырылуда. Сондай-ақ, халықтың әл-ауқатын көтеруге бағытталған тың жобалар жетерлік. Теріскей алдағы уақытта қарқынды құрылыс алаңына айналады. Тиісті ақпармен облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Кеңесов бөлісті.

НҰРЛАН КЕҢЕСОВ, СҚО әкімінің орынбасары:
– “Алдағы уақытта Петропавлда жедел жәрдем станциясы салынады. Айыртау ауданында жаңа аурухана мен емхана бой көтереді. Қос жобаның жалпы құны – 16 млрд теңге. Сондай-ақ, 4 мектеп тұрғызуды жоспарлап отырмыз. 2027 жылы облыста жалпы ауданы 345 мың шаршы метр тұрғын үйлер қолданысқа беріледі. Оның басым көпшілігі әлеуметтік осал топтағы отбасыларға арналған”.

Биыл облыста 700 шақырымнан астам жол жөнделген. Маңызды іске 59 млрд теңге қаржы бағытталды. Нәтижесінде өңірдегі жол учаскелерінің 92 пайызы қанағаттанарлық жағдайға жетті. Сондай-ақ, ендігі жылы облыста жалпы құны 50 млрд теңгеден асатын 4 автомобильдік өткізу бекетін қайта жаңғырту жұмысы аяқталады. Мемлекет басшысы саяси шарада инклюзивті білім беру жүйесіне де баса назар аударды. Облыста ерекше білімді қажет ететін 7 мыңға жуық бала бар. Оның 70 пайызы білім ұяларында тәлім алып жүр.

ЖҮСІП ЖҰМАҒҰЛОВ, СҚО әкімінің орынбасары:
– “2027 жылы облыста аутизмге шалдыққан балаларға арналған орталық ашылады. Одан бөлек, 14 инклюзивті кабинет ашуды жоспарлап отырмыз. Материалдық-техникалық базаға да ерекше мән береміз. Облыста қазір мұндай 32 кабинет бар”.

Ғауез Нұрмұхамбетов атқамінерлерге айтылған сөзді жерде қалдырмай, берілген тапсырмаларды уақытылы орындауды тапсырды. Әйтпеген жағдайда жауаптылар жауапкершілікке тартылады.

Нурасыл Ахмет