Мәдениет

Облыс фотографтары арасындағы байқау

«Qyzyljar» креатив орталығында кәсіби және әуесқой фотографтар арасында облыстық байқау өтті. Мұндай сайыс өңірімізде алғаш рет ұйымдастырылып отыр.

ЖАЙНАГҮЛ ОСПАНОВА, «Qyzyljar» креатив орталығының жетекшісі:
– “Басты мақсат – фотокамера объективі арқылы қаламыздың әсемдігін, тұрғындарын және қайталанбас атмосферасын көрсету. Қатысушылар сарапшылармен пікір алмасып, фотожұмыстарды кәсіби тұрғыда талдайды. Біз үшін таланттарды таңдауға, жаңа идеяларды іске асыруға және өңірдің шығармашылық әлеуетін дамытуға мүмкіндік беретін осындай алаңдарды құру өте маңызды”.

Сайыс ретінде ұйымдастырылған байқауға 33 өтінім түскен. Ұйымдастырушылар олардың арасынан үздік деген 20 жұмысты іріктеп, көрмеде ұсынды. Фотосуреттер бірінен-бірі өтеді. Әрқайсысын ұзақ қарап, ойға шомасың, таңданасың, тамсанасың. Туындылар тілсіз, қимылсыз-ақ адамдарға ерекше сезім сыйлайды.

ВИТАЛИЙ ЗЫБИН, байқауға қатысушы:
– “Менің бұл салада жүргеніме көп болды. 2010 жылдан бері суретке түсіремін. Осы уақыт ішінде түрлі жанрда жұмыс істедім, қазір балаларға фотоөнерді үйретіп жүрмін. Біздің туындыдағы басты құндылық – адамдарға эмоция сыйлап, есте қалар сәттерді сақтап қалу. Байқауға «Томирис» сән театрымен бірлескен түсірілімдегі жұмыстарымды ұсындым. Онда мешіт маңында қазақтың ұлттық киімін киген кішкентай балалар бар. Дәл осы туындым финалға өткеніне қуаныштымын”.

Байқау қорытындысы бойынша үздік қатысушылар дипломдармен, ақшалай сыйлықтармен және 3D технологиясымен жасалған арнайы кубоктармен марапатталады. Жеңіске петропавлдық Софья Рубан жетті. Жас талантты қазылардың жоғары бағасына ие болды. Фотокөрме үш күн тұрады. Тұрғындар мен қала қонақтары келіп, тамашалай алады.

Сандугаш Кайырбек