Мәдениет

Қариясы бар елдің қазынасы бар

Қазақ халқы қашанда қариясын қазынаға балап, үлкенін ардақтап, кейінгі ұрпаққа үлгі еткен. Аға буынның өмір жолы мен игі істері – жастарға өнеге. Осы құндылықтарды дәріптеу мақсатында Петропавлдағы Достық үйінде арнайы мерекелік іс-шара өтті. Жиынға ардагерлер, этномәдени бірлестіктердің өкілдері мен жастар қатысты. Ардақты меймандардың қатарында қайырымдылықты өмірлік ұстанымына айналдырған “Мир аттракционов” кәсіпорнының негізін қалаушы Владимир Козлов та болды. Ол жылдар бойы әлеуметтік қолдауды қажет ететін жандарға көмек көрсетіп, жас ұрпаққа мейірімділік пен жанашырлықтың үлгісін көрсетіп келеді.

ВЛАДИМИР КОЗЛОВ, Петропавл қаласының құрметті азаматы:
– “Біздің кәсіпорын 1988 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Осы уақыт ішінде қайырымдылықтың маңызы зор екенін түсіндік. Біз аз қамтылған отбасыларға, балаларға және мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек көрсетеміз. Жыл сайын демеушілікке 10 млн теңгеден астам қаражат бөлеміз. Осындай игі істеріміз арқылы келер ұрпаққа үлгі болып, балалардың бойына мейірімділік пен жанашырлық қасиеттерін сіңіргіміз келеді”.

Қарияға құрмет көрсету – бір күндік міндет емес, ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын ізгі дәстүр. Мұны Қарттар айлығы аясында ұйымдастырылған шаралар да айғақтайды. Петропавлда осы кезеңде 85 іс-шара өткізіліп, кәсіпорындар мен ұйымдардың қолдауымен ардагерлерге 7 млн теңгеден астам ақшалай сыйлық табысталды.

Улан Ыдырыс