Теріскейлік каратешілер Алматыдан олжалы оралды. Оңтүстік астанамызда өткен Қазақстан чемпионатында облыс құрамасы 23 медаль жеңіп алды. Оның 16-сы – алтын, 3-еуі – күміс, 4-еуі – қола.
ЕВГЕНИЙ МАКСИМОВ, СҚО бойынша мейбукан годзю-рю карате-до федерациясының жетекшісі:
– “Облыстан республикалық додаға 10 спортшы қатысты. Жарыс алдында олар іріктеуден өтіп, оқу-жаттығу жиындарына шақырылды. Чемпионатта каратешілер ката, кобудо және кумите бағыттары бойынша сынға түсті. Нәтижесінде қанжығамызға жоғары санаттағы 16 жүлде түсті. Шәкірттеріміз ұлттық құрама сапына енді. Енді жеңімпаздар алдағы халықаралық жарыстарда ел намысын қорғайды”.
Толығырақ тоқталсақ, дүбірлі додада 8 бен 18 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдер, сондай-ақ ересектер бақ сынады. Жерлестеріміз сапынан Әсия Қайыржанованы ерекше атап өту керек. 11 жастағы жеткіншек ката, кумите бағыттары бойынша қос алтын мен 1 күміс медаль жеңіп алды.
ӘСИЯ ҚАЙЫРЖАНОВА, ката және кумите бағыттары бойынша ҚР чемпионы:
– “Каратемен 5 жылға жуық айналысамын. Осы спортқа мені анам әкелді. Қазақстан чемпионатында жеңіске жеткеніме қуаныштымын. Жарыста бірнеше алматылық қызбен шеберлік сынастым. 35 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде мықтыны анықтадық. Жаттықтырушымның қолдауы мен дайындықтың арқасында жеңіске жеттім”.
Чемпионат қорытындысы бойынша Солтүстік Қазақстан облысының құрамасы жалпыкомандалық есепте қола жүлдегер атанды. Спортшылар жарыстан мол тәжірибе жинады. Енді олар алдағы турнирлерге дайындықты жалғастырмақ.
Аружан Султанова