Смартфон арқылы тауарды жарнамалап, тұтынушы тауып, өз кәсібіңді дамытуға болады. Ол үшін цифрлық платформалардың мүмкіндіктерін бүге-шүгесіне дейін білу маңызды. Смирново ауылында өткен DIGITAL TABYS практикалық интенсивінде қатысушыларға заман игіліктерін табыс көзіне айналдыру жолдары көрсетілді. Іс-шара Digital Aimaq жобасы аясында ұйымдастырылды.
РУСЛАН ӘЛІШЕВ, СҚО әкімінің аппарат басшысы:
– “Мемлекет басшысының Жолдауында цифрлық қызметтерге қолжетімділікті арттырумен қатар, азаматтардың мүмкіндіктерін кеңейту міндеті қойылды. Былтыр іске қосылған Digital Aimaq жобасы аясында 16 IT-орталық аштық. Енді цифрлық дағдыларды күнделікті өмірде ғана емес, табыс табу үшін де қолдануға басымдық беріп отырмыз. Мәселен, орталықты ашқан кезде бисерден сөмке, түрлі кілемше жасайтын әжелер өз өнімдерін маркетплейстер арқылы сатуды үйренгісі келетінін айтты. Біздің түпкі мақсатымыз – ауыл тұрғындарына тұрғылықты жеріне қарамастан, заманауи жолдар арқылы табыс табуға жағдай жасау”.
Практикалық сабақта смартфонның пайдалы функциялары, онлайн-сауда және жасанды интеллект мүмкіндіктері қарастырылды. Мамандар тауарды интернетте ілгерілету, жарнамалық материалдар әзірлеу, әлеуметтік желілерде парақша жүргізу және жаңа клиенттер тарту жолдарын түсіндірді.
НҰРГҮЛ БОЛАТОВА, SKO HUB филиалының директоры:
– “Қазір маркетплейстер арқылы сауда жасауға кез келген адамның мүмкіндігі бар. Ол үшін тауар түріне сәйкес платформаны таңдап, жарнамасын дұрыс ұйымдастыру, комиссияларды ескеріп, өнімнің бағасын есептей білу қажет. Бүгінде смартфонның көмегімен әлеуметтік желілерде тауарды таратып, жасанды интеллект арқылы жарнамалық суреттер мен бейнероликтер жасауға болады. Сонымен қатар онлайн-саудада ақпараттық қауіпсіздікке де мән беру керек. Сондықтан интенсив барысында қатысушыларға интернеттегі қауіптерден қорғану жолдары да айтылды”.
Іс-шара аясында цифрлық технологияларды қолданудың тағы бір бағыты таныстырылды. Ол – дрон басқару. Смирново ауылындағы Drone Star мектебінде қатысушылар арнайы симуляторлар арқылы ұшу дағдыларын жаттықтырады. Мұндай технологиялар ауыл шаруашылығында егіс алқаптарын бақылауға, аэрофототүсірілім жасауға және басқа да міндеттерді орындауға мүмкіндік береді.
ВЛАДИМИР УВАРОВ, IT-орталықтың дрондар мектебі бағыты бойынша резиденті, Аққайың ауданы:
– “Смирново ауылында Drone Star дрондар мектебін аштық. Мұнда оқушылар арнайы симуляторлар арқылы дрон басқаруды үйренеді. Дрон жарыстарына қатысып, табыс табуға да мүмкіндік бар. Өзім республикалық KazEngineering байқауында 3-ші орын алып, 200 мың теңге ұттым. Алдағы уақытта осы бағытты дамытып, жаңа оқу курстарын ашуды жоспарлап отырмын”.
Digital tabys интенсиві ауыл тұрғындарының цифрлық сауатын арттырып қана қоймай, жаңа мүмкіндіктерді тәжірибеде қолдануға бағытталған. Ұйымдастырушылар мұндай оқыту арқылы ауылдағы кәсіпкерлік белсенділікті арттырып, тұрғындардың заманауи технологияларды игеруіне жол ашуды көздейді.
Жансая Дербисова