Тарихтың таңбасы – архивте. Өткеннің өнегесін сақтап, ел шежіресін келер ұрпаққа жеткізуде мұрағат құжаттарының маңызы зор. Петропавлда 50-ден астам тарихи мұраны сақтаушының басын қосқан республикалық семинар өтті. Тағылымы мол шараға Ақмола, Қостанай, Қарағанды облыстары мен Астана қаласынан білікті мамандар келді. Олар 2 күн бойы жергілікті сала өкілдеріне білгендерін үйретеді.
ЖАНГЕЛДІ БИМОЛДИН, Астана қалалық мемлекеттік архивінің директоры:
– “Астана қалалық мемлекеттік архивінде 500 мыңнан астам құжат бар. Оның 25 пайызы цифрландырылған. Үлбіреп тұрған парақты сканерден өткізу оңай емес”.
Архив қорларын пайдалану, құжат пен анықтаманы беру тәртібі және ақпаратқа қолжетімділікті қамтамасыз ету. Шараға қатысушы мамандар осы сияқты мәселелерді көтеріп, өз ойларын ортаға салды. Сонымен қатар, жастардың тарихи деректер деген қызығушылығын арттыру мәселесі жайлы да сөз болды. Себебі, мұрағат – сарғайған қағаздар сақталатын ғана емес, ел тарихын тереңірек түсінуге мүмкіндік беретін орын.
ӘСЕМГҮЛ ҚАДІРМЕНОВА, Қостанай облыстық ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының бас маманы:
– “Жастарымыздың тарихты оқығанын қалаймыз. Ол үшін біз еліміздің дамуына зор үлес қосқан тұлғалардың суреттерін қозғалту арқылы қызығушылығын оятып жүрміз”.
Архив – ел тарихының айнасы. Сондықтан құжаттарды сақтап қана қоймай, оларды қоғам игілігіне жарату – маңызды міндет. Мұндай кездесулер мамандардың кәсіби біліктілігін арттырып, баға жетпес мұраны келешек ұрпаққа жеткізуге мүмкіндік береді. Әсемгүл Сүлеева – облыстық мемлекеттік архивтің Ақжар аудандық филиалының директоры. Ол шара болар күнді асыға күткен. Себебі, өзі басшылық етіп отырған мекемеге түрлі жаңашылдық енгізгісі келеді. Тарихи мұраны сақтаушы маман бізге өз жұмысы жайлы айтып берді.
ӘСЕМГҮЛ СҮЛЕЕВА, СҚ мемлекеттік архиві Ақжар аудандық филиалының директоры:
– “Тұрғындар бізден құжат алу үшін “Egov” порталы арқылы өтінім береді. Сондай-ақ, ХКҚО-лар арқылы ала алады. Өтініш берушіге 11 жұмыс күні ішінде жауап береміз. Семинардан мол мағлұмат алдым. Ойға түйгенімді жұмыста қолданамын.
Семинар соңында саланың дамуына зор үлес қосып жүрген жандар марапатталды. Айта кетейік, шараның 2-ші күнінде “Е-Архив” ақпараттық жүйесінің жұмыс істеу тәртібі жайлы жиын өтеді.
Нурасыл Ахмет