Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің ұжымы да Мемлекет басшысының Жолдауын тыңдады. Көгілдір экран алдына білім ордасының профессор-оқытушылар құрамы, студенттік ұйым төрағалары қатысты. Олар елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты басым бағыттар мен алдағы міндеттерге құлақ түрді.
ӘДІЛХАН ТӨЛЕПБЕРГЕН, М. Қозыбаев атындағы СҚУ әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі басқарма мүшесі:
– “Бүгін біз студенттер мен профессор-оқытушылар құрамының ұсынысымен Мемлекет басшысының Жолдауын қарастыруды ұйымдастырдық. Іс-шараға 100-ге тарта адам жиналды”.
Іс-шараға қатысқан жастар Мемлекет басшысының жастарды қолдауға бағытталған бастамаларын құптап, олардың болашағы үшін маңызды екенін атап өтті.
АСАНӘЛІ ЖАНАТҰЛЫ, Қозыбаев университеті студенттік үкіметінің президенті:
– “Жаңа ғана Президент мемлекеттік қызмет этикасын ұсынды. Онда ең басты мәселе – жастарды мемлекеттік қызметке тарту. Қазіргі уақытта жастардың мемлекеттік қызметке қызығушылығы артып келеді. Мемлекеттік басқару органдарында еңбек етіп жүрген жастардың да үлесі жыл сайын өсуде. Студенттерді мемлекеттік қызметке тарту мақсатында жаңа модель ұсынылды”.
Іс-шара соңында университет ұжымы Президент Жолдауында белгіленген міндеттерді жүзеге асыруға үлес қосып, білім мен ғылымды дамыту бағытындағы жұмыстарды жалғастыруға дайын екенін жеткізді.
Улан Ыдырыс