Спорт

Спорт саласының даму қарқыны

Облыстық әкімдік отырысында өңір спортының даму қарқыны сөз болды. Саланың дамып, аймақтан ел абыройын асқақтататын толағайлар шықсын десек, материалдық-техникалық базаға ерекше көңіл бөліп, спортты жанына серік еткен жандарға қолдау көрсету қажет. Теріскейде бұл бағытта ауқымды жұмыс атқарылған. Биыл облыста 50 спорт нысаны бой көтерді. Қызылжар, Уәлиханов аудандарында спорт манежі мен бассейн кешені салынып жатыр. Ал Айыртауда футбол стадионы күрделі жөндеу көруде. Бұл – болашақта Олимпиада чемпионы болуды мақсат тұтқан жастарға зор қолдау.

ҚАРЛЫҒАШ РАМАЗАНОВА, СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:
– “Облыста 28 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі жұмыс істейді. Мекемелерде 13 мыңнан астам бала тегін дайындалады. Оларға 47 спорт түрі бойынша 680 жаттықтырушы тәлім береді”.

Жастарды шыңдау үшін, жарыстарды көптеп өткізу қажет. Биыл облыста 230 мың адамды қамтыған 1200 спорттық іс-шара өткен. Бағдарламасына 5 спартакиада кіретін облыстық Халық ойындарын ерекше атап өткен жөн. Аталған додаларда жалпыкомандалық есепте Шал ақын ауданының құрамасы топ жарды. Көрсетілген қолдау мен өткізілген сайыстардың нәтижесінде теріскейлік толағайлар халықаралық және республикалық додаларда сәтті өнер көрсетті.

ҚАРЛЫҒАШ РАМАЗАНОВА, СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:
– “Ұлттық құрама сапына 357 теріскейлік спортшы кіреді. Жоғары жетістікке жеткен 151 спортшы мен 3 жаттықтырушы ай сайынғы төлем алады. Биыл облыс толағайлары халықаралық және республикалық додалардан мыңнан астам медаль алған”.

Алқалы жиында өңірдегі велоспорттың бүгіні мен ертеңі жайлы да сөз болды. Облыста аталған спорт түрімен 252 адам айналысады. Оның 10 пайызы ұлттық құрама сапында өнер көрсетеді. Жеткен жетістіктеріміз де аз емес. Биыл теріскейлік велошабандоздар халықаралық сайыстар мен ішкі біріншіліктерден 68 медаль еншілеген. Оның тең жартысы – алтын.

ЕВГЕНИЙ НЕПОМНЯЩИЙ, “Vino – SKO Team” командасының аға жаттықтырушысы:
– “Алексей Луценконың Азия ойындарынан алған қос алтынын ерекше атап өтуге болады. Ол – өсіп келе жатқан жастарымызға үлгі. Сондай-ақ, әлемдік және құрлықтық додаларда атой салып жүрген Николя Винокуров, Мансұр Бейсенбай, Даниил Пронский сынды спортшыларымыз да бар. Биыл облыста велоспорттан 15 жарыс өтті. Барлық жағдай жасалған. Енді нәтиже көрсетуіміз қажет. 2028 жылғы Олимпиада ойындарына баруға үмітті спортшыларымыз бар”.

Отырыста ауылдық жерлерге спорт нұсқаушылары жетіспейтіні және бірнеше нысанның тозғаны жайлы сөз болды. Сондай-ақ, кей мектептердің спорттық құрылғылармен жарақтандырылмағаны анықталды. Облыс әкімі мәселелерді жергілікті кәсіпкерлерді тарту арқылы шешу қажеттігін айтты.

Нурасыл Ахмет