Қоғам

СҚО-да кәсіпкер әйелдерді тегін оқыту бойынша жоба қолға алынды

Солтүстік Қазақстан облысында алғаш рет әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға арналған “Кәсіпкер әйел” оқыту жобасы қолға алынды. Бастама облыс әкімінің тапсырмасы бойынша жүзеге асырылуда. Жоба аясында қатысушылар өз ісін ашып, бизнесті дамытуға қажетті білім алып, заманауи цифрлық құралдарды меңгереді.

ӘСЕЛ ҚҰНАНОВА, СҚО кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы:
– Оқыту курсы 2 қарашада басталып, айдың соңына дейін жалғасады. Бағдарлама алты бағытты қамтиды. Атап айтқанда, электронды сауда, маркетплейстермен жұмыс істеу және контент-маркетинг салалары бойынша білім беріледі. Сабақтарды тәжірибелі мамандар жүргізеді. Оқу тегін әрі оффлайн форматта өтеді. Қатысу үшін онлайн тіркеуден өту қажет.

Арнайы жобаның кәсіпкер қыз-келіншектерге бағытталуы тегін емес. Өйткені, өңірдегі бизнестің шамамен 45 пайызы әйелдердің үлесінде. Олардың кәсібін дамытуға мүмкіндік беретін мемлекеттік қолдау шаралары да бар. Соның бірі – микро және шағын бизнесті қаржыландыруға арналған “Іскер аймақ” бағдарламасы.

ЖАННА ҚОҢҚАРОВА, СҚО кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының бөлім басшысы:
– “Облыста микро және шағын бизнесті қолдауға арналған “Іскер аймақ” бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Кәсіпкерлер 200 млн теңгеге дейін несие алып, оның мөлшерлемесін 12,6 пайызға дейін төмендете алады. Қаржыландыру мерзімі – үш жылға дейін. Ал әлеуметтік кәсіпкерлер үшін жеңілдетілген мөлшерлеме 10,4 пайызды құрайды. Тиісті тізілімге енуге өтінімдер тоқсан сайын қабылданады”.

Әлеуметтік желілерде жеке бренд қалыптастыру – кәсіпті дамытудың маңызды тетігі дейді, – Алена Просветова. Сол себепті де жергілікті кәсіпкер арнайы курсқа қатысуға ниетті. Бұл арқылы іскер жан цифрлық технологияларды меңгеріп, қызметтерін интернет арқылы тиімді ілгерілетуді үйренгісі келеді.

АЛЕНА ПРОСВЕТОВА, кәсіпкер:
– “Мен өмірді жинақтаушы сақтандыру саласында 2014 жылдан бері жұмыс істеймін. Енді әлеуметтік желілер арқылы жеке брендімді дамытып, қызметімді кеңінен танытқым келеді. Әсіресе, Reels түсіруді, чат-боттарды пайдалануды үйреніп, адамдарға отбасын қаржылық қорғаудың маңызын жеткізгім келеді”.

Арнайы курстағы сабақтарды білікті мамандар жүргізеді. Жалпы, жобаға 150 кәсіпкер қатыса алады. Сабақтар оффлайн форматта өтеді. Қорытынды тестілеуде кемінде 70 пайыз нәтиже көрсеткен қыз-келіншектерге арнайы сертификат табысталады.

Улан Ыдырыс