Бүгін, 28 қазанда Петропавл қаласының теміржол вокзалында Жапонияда өткен V Азия Пара ойындарында қола медаль жеңіп алған жерлесіміз Иван Залезнякты салтанатты түрде қарсы алды.
Беделді халықаралық жарыста солтүстікқазақстандық спортшы F36 класында ядро итеруден 12,71 метр нәтижесімен қола жүлдеге қол жеткізді.
Бұл марапат Иван Залезняк үшін Азия Пара ойындарындағы үшінші қола медаль болды. Бұған дейін спортшы 2018 жылы Джакартада және 2023 жылы Ханчжоуда өткен Азия Пара ойындарында жүлделі орындардан көрінген болатын.
Теміржол вокзалында спортшыны спорт саласының өкілдері, әріптестері мен жақындары қарсы алып, кезекті айтулы жетістігімен құттықтады.
Иван Залезняк – облыстық «Үміт» спорт клубының спортшысы және пара жеңіл атлетикадан Қазақстан Республикасы ұлттық құрамасының мүшесі. Жаттықтырушысы – Дмитрий Клеев.
Иван Залезняк пен оның жаттықтырушысын лайықты марапатымен шын жүректен құттықтаймыз! Зор денсаулық, жаңа спорттық жетістіктер мен халықаралық аренада жарқын жеңістер тілейміз!