Білім

Бастауыш сынып мұғалімдері білім сапасын арттыру жолдарын талқылады

Петропавлдағы Сәбит Мұқанов атындағы №32 жалпы білім беретін мектепте қалалық әдістемелік практикум өтті. Оған 25-ке жуық бастауыш сынып мұғалімі қатысты. Жиында мамандар оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту және білім жетістіктерінің мониторингіне дайындық мәселелерін талқыланды.

ОЛЬГА ПУПКИНА, С.Мұқанов атындағы №32 орта мектеп директорының орынбасары:
– “Кездесудің басты мақсаты – қаладағы бастауыш сынып мұғалімдерінің тәжірибе алмасуына мүмкіндік жасау. Балалар ережелер мен формулаларды жаттап қана қоймай, алған білімдерін іс жүзінде қолдана білуі керек. Практикум барысында мұғалімдер топпен жұмыс істеп, білім алушылардың білім жетістіктерін мониторингі форматына сай тапсырмалар әзірлейді. Сондай-ақ, бастауыш сыныптарға арналған ортақ тапсырмалар жинағын қалыптастыру жоспарланып отыр”.

Оқушыларды мониторингке дайындау бір күндік жұмыс емес. Бұл бағытта жүйелі дайындық пен баланың жеке ерекшеліктерін ескеру маңызды. Петропавлдағы №23 орта мектепте осыған басымдық беріледі.

ЮЛИЯ ПОПОВА, қалалық №23 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі:
– “Біздің мектеп былтыр білім алушылардың білім жетістіктерін мониторингінен сәтті өтті. Бұған тұрақты дайындықтың әсері зор деп ойлаймын. Біз 3-ші сыныптан бастап оқушылармен жүйелі жұмыс жүргіземіз. Өзім Canva бағдарламасы арқылы жаратылыстану пәніне арналған жұмыс парақтарын әзірлеймін. Ең бастысы, баланы мәтінді жай оқуға емес, оның мазмұнын түсініп, ақпаратты талдауға үйрету қажет. Сонымен қатар, әр оқушының жеке ерекшелігін ескеріп, ата-анамен бірлесе жұмыс істеуге мән береміз”.

Практикум аясында мұғалімдер өзара пікір алмасып, бастауыш білім беру сапасын арттыруға қатысты ұсыныстарын ортаға салды. Кездесу ұстаздардың кәсіби байланысын нығайтып, алдағы оқу жұмысына жаңа идеялар енгізуге мүмкіндік берді.

Жансая Дербисова