Жасанды интеллектіні пайдаға жарату, STEM бағытын дамыту және ұстаздардың біліктілігін арттыру. Назарбаев Зияткерлік мектебінде жас педагогтердің өңірлік форумы өтті. Тәжірибе алмасу шарасына облыстың түкпір-түкпірінен 80-нен астам мұғалім қатысты. Олар бір күн бойы аймақтағы беделді білім ұясының жұмысымен танысады, білікті мамандардан тәлім алады.
ЖӘНИЯ ОПАНОВА, “Назарбаев Зияткерлік мектептері” ДББҰ педагогикалық шеберлік орталығы Петропавл қаласындағы филиалының директоры:
– “STEM – ғылым, технология, инженерия және математиканы біріктіретін бағыт. Кез келген пәні мұғалімі STEM арқылы оқушылардың сыни ойлау қабілетін дамыта алады”.
Шараға елге танымал спортшылар, талай жыл бойы білім саласында еңбек еткен мұғалімдер мен зор жетістікке жеткен диқандар шақыртылған. Олар форум барысында жас ұстаздарды шабыттандырып, өмірлік кеңестер айтты. Ал педагогикалық зертханада сабақты түрлендіру, түрлі челлендждерді ұйымдастыру бойынша дәрістер өткізілді. Назарбаев Зияткерлік мектебінің ұстазы Еламан Қалиәскер педагогтердің жұмысын жеңілдететін бағдарлама ойлап тапқан.
ЕЛАМАН ҚАЛИӘСКЕР, жаратылыстану-математика бағытындағы НЗМ мұғалімі:
– “Open Air” атты бағдарлама ойлап таптым. Жоба арқылы күрделі жүйелерді шешуге болады. Сондай-ақ, күнді тиімді жоспарлай аламыз”.
Ерсұлтан Парахатов А.Шәжімбаев атындағы №3 Явленка орта мектебінен келген. Университетте информатика пәні мұғалімі мамандығы бойынша оқыған. Жас педагог айтылғанның барлығын ойына түйген. Өзі сабақ беретін білім ұясында қолданамын, – дейді.
ЕРСҰЛТАН ПАРАХАТОВ, А.Шәжімбаев атындағы №3 Явленка орта мектебінің мұғалімі, Есіл ауданы:
– “Педагогика бойынша жаңа тұжырымдарды үйрендім. Мектептегі түрлі техникалар көңілден шықты. STEM бағытын дамытсақ, зор жетістіктерге жетуге болады”.
Айта кетейік, НЗМ-де жас педагогтердің біліктілігін арттыру форумы осымен 4 жыл қатарынан өткізіліп отыр.
Нурасыл Ахмет