ҰЛАН ЫДЫРЫС тілші:
– “Бүгін “СК-Агро 2050” серіктестігіне Германиядан 165 бас голштин-фриз тұқымды ірі қараның соңғы легі жеткізілді. Жануарлар Еуропадан Қазақстанға дейін 4 мың шақырымды артта қалдырды. Осылайша, келісімшарт аясында шаруашылыққа әкелінген мал саны 660 басқа жетті. Ал кәсіпорындағы ірі қараның жалпы саны 1270 басты құрайды”.
ВЛАДИМИР СЕРГЕЕВ, “СК Агро 2050” ЖШС тауарлы-сүт фермасының басқарушысы, М.Жұмабаев ауданы:
– “Бұл жолы келісімшарт аясындағы соңғы 165 бас малды қабылдап отырмыз. Жануарлар Германиядағы шаруашылықтардан іріктеліп, Чехияда карантиннен өткен. Одан кейін Дания арқылы Қарағанды әуежайына жеткізілді. Тасымалдау жұмыстарын Victory Trans компаниясы жүзеге асырды. Компания малды арнайы жабдықталған көлікпен тасымалдады. Бұл жануарларды жайлы жағдайда жеткізуге мүмкіндік берді”.
Ірі қараның голштино-фриз тұқымы суыққа төзімді әрі сүтті. Күніне әрқайсысы орта есеппен 40 литрге дейін ақ береді. Кәсіпорынға бұрын жеткізілген құнажындар қазір төлдегелі жатыр. Ірі қараны германиялық “MASTERRIND” компаниясы жеткізді. Ұйымның Қазақстандағы ресми өкілі Дмитрий Поташкиннің айтуынша, бұл жолы малды көлікке тиеу жұмыстары рекордтық жылдамдықпен жүзеге асырылған екен.
ДМИТРИЙ ПОТАШКИН, «MASTERRIND» асыл тұқымды мал шаруашылығы қауымдастығының Қазақстандағы ресми өкілі:
– “Жануарларды түсіру мен көлікке тиеу жұмыстары небәрі екі сағат ішінде аяқталды. Бұған дейін мұндай жылдамдыққа қол жеткізген жоқпыз. Тасымалдаушы компания арнайы көлік сатып алды. Бұл – біз көптен күткен жаңалық. Болашақта ірі қараны арнайы көліктермен тасымалдайтын боламыз. Жалпы, барлық жұмыс штаттық режимде, еш қиындықсыз өтті”.
Айта кетейік, шаруашылық алдағы уақытта да мал басын көбейтуді жоспарлап отыр. Қазіргі кәсіпорын басшылығы тағы 260 бас ірі қара жеткізу бойынша келіссөздер жүргізуде.
Улан Ыдырыс