ЖАННҰР БЕКТҰРҒАНОВА, тілші:
– “Солтүстік Қазақстан облысында мал басын ұлғайту, асылдандыру бағытындағы жүйелі жұмыс жалғасуда. МТРК арнасының түсірілім тобы арнайы мақсатпен Астанаға ат басын тіреді. Қазір Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайындамыз. Мұнда санаулы минуттардан соң Қамбар ата төлдерінің кезекті партиясы тиелген ұшақ қонады. Ол елордаға сонау Австралиядан бағыт алған”.
Мұхиттың ар жағынан жеткізілген мал – етті бағыттағы ірі қара. Қазір ел билігі осы тұсқа басымдық беруде. Арнайы қабылданған жоба аясында қазақ жеріне 300-ге жуық Қамбар ата төлі тұяқ тигізді. Абердин-ангус тұқымды төрт түлік түрі етті өзгелерден артық береді.
Қазақстан мен Австралияның арасы 10 мың шақырымнан асады. Ешбір қиындықсыз ұшқан малдың ерекше қасиетін осы жерде аңғаруға болады. Абердин-ангус – өте төзімді тұқым. Ауруларға шалдыға бермейді, суық ауа райына тез бейімделеді. Алдағы уақытта бір сиырдан 250-350 кг ет алуға болады. Біреу білсе, біреу білмес, әлемге әйгілі ең қымбат мәрмәр стейктер де дәл осы ангустардың етінен дайындалады.
ДИНАРА АНАФИНА, СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары:
– “Кешенді жоспарды жүзеге асыру аясында Солтүстік Қазақстан облысы асыл тұқымды мал басын жаңарту бойынша ауқымды жұмысты бастады. Бүгін Ғабит Мүсірепов ауданындағы серіктестікке тиесілі абердин-ангус тұқымды ірі қара тиелген екінші борт келді. Бұдан бұрын Шал ақын ауданына 304 бас жеткізілген болатын. Қазір арнайы жоба аясында “Береке” және “Игілік” бағдарламалары арқылы шаруаларға 6 пайыздық жеңілдетілген несие берілуде. Басты мақсат – өзгеге иек артпай, өңірде сапалы мал базасын қалыптастыру”.
Барлық тиісті тексерістен соң, ірі қара Ғабит Мүсірепов ауданының шаруашылығына жөнелтіледі. «Астық Привольный» серіктестігі – 6 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келе жатқан кәсіпорын. Осыған дейін егін егіп, сүт өнімдерін өндірумен айналысқан. Енді ірі қожалық ет бағытын да қолға алып отыр. Агроқұрылым өкілдері Австралияға жұмыс сапарымен арнайы барып, малдың денсаулығын, генетикасын тексеріп, таңдап қайтқан.
ӘЛИ ҒАББАСОВ, «Астық Привольный» ЖШС директорының орынбасары, Ғ.Мүсірепов ауданы:
– “Бастапқыда біз өсімдік шаруашылығымен айналыстық. Қазір 600 басқа арналған тауарлы-сүт фермамыз жұмыс істеп тұр. Енді Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, мемлекеттік жеңілдетілген несиенің арқасында асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды қолға алдық. Австралиядан 600 бас ангус сатып алдық, алдағы уақытта өнімді ішкі нарыққа шығарамыз. Бұл ет бағасының тұрақтануына және нарықты сапалы өніммен қамтамасыз етуге оң әсерін тигізеді”.
Жыл соңына дейін Солтүстік Қазақстан облысына Австралиядан жалпы 3 мың абердин-ангус тұқымды мал жеткізіледі. Ал өңірдегі жалпы асыл тұқымды мал басының санын 10 мыңға жеткізу жоспарланып отыр. Айта кету керек, биылғы жылы облыста мал шаруашылығын дамыту үшін 15 млрд теңге қаражат бөлінген.
Жаннур Бектурганова