Қоғам

СҚО әкімі полицияның жабдықталуын тексерді: биыл салаға 4,5 млрд теңге бағытталған

Ғауез Нұрмұхамбетов жұмыс сапарын жаңартылған Бірінші полиция бөлімінен бастады. Бұл бөлім облыс орталығының солтүстік және орталық бөліктеріне, атап айтқанда, 19-шы, 20-шы шағын аудандар мен “Береке” шағын ауданына қызмет көрсетеді. 1974 жылы қолданысқа енгізілген ғимарат содан бері тек сырлап-қырлаудың арқасында осы уақытқа дейін кәдеге жарап келген. Күрделі жөндеуден соң нысан жаңа кейіпке енді. Мұнда қазір қызметкерлерге қолайлы жағдай жасалып, кабинеттер заман талабына сай жабдықталып, жұмысқа жайлы орта қалыптастырылды. Ал кезекші бөлімге қойылған мониторлар, бейнебақылау камералары арқылы 100 метр қашықтықтағы кескіндері анық көруге мүмкіндік береді.

Бұдан кейін өңір басшысы Жұмысшы кентінде орналасқан №5 учаскелік полиция пунктіне барды. Бұл қосын шамамен 26 мың тұрғынға қызмет көрсетеді. Мұнда алты учаскелік полиция инспекторы жұмыс істейді. Ғимарат 1954 жылдан бері күрделі жөндеу көрмеген. Қазір мұнда жедел басқару орталығының шағын бөлімшесі, азаматтарды қабылдауға арналған заманауи фронт-офис және қызметкерлердің тынығу бөлмесі жабдықталған. Ауқымды істерден аудандық полиция бөлімдері де шет қалып отырған жоқ.

Биыл полицейлердің машина паркіне 180 автокөлік сатып алынып, сонымен қатар тәртіп сақшыларының иелігіне төрт квадроцикл берілді. Өңірде полицияның материалдық-техникалық базасын нығайту жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл ретте қызметтік ғимараттардың жағдайына да ерекше көңіл бөлінеді.

СЕРІК ӘЛЖАНОВ, Петропавл қаласы полиция басқармасының бастығы:
– “2026 жылы полиция департаменті Бірінші полиция бөлімінде жөндеу жұмыстарын жүргізді. Полицияның сервистік моделінің талаптарына сай кабинеттер толық жөндеуден өтті. Сантехника, жылыту жүйесі мен электр сымдары жаңартылды. Мұның бәрі азаматтар өтінішпен келген кезде полиция қызметінің сервистік қағидаттарға сай көрсетілуі үшін жасалды. Үш нысан жөндеуден өтті. Олар – Бірінші полиция бөлімі, №5 учаскелік полиция пункті және патрульдік полиция батальоны”.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, үйлесімді жұмыс пен қызмет атқаруға жасалған қолайлы жағдайлардың нәтижесінде өңірде тіркелген қылмыстардың саны 13 пайызға азайған.

Аружан Султанова