Заң

Полиция қызметкерлері жол ережесін кофе арқылы еске салды

ЖАННҰР БЕКТҰРҒАНОВА, тілші:
– “Петропавлда жол қауіпсіздігін насихаттаудың жаңа тәсілі қолға алынды. Енді тұрғындар кофе ішіп отырып, жол ережелері туралы ақпарат ала алады. Ол үшін полицейлер QR-коды бар 5 мың арнайы стақан дайындады. Кодты телефонмен сканерлеген адам жол қозғалысы ережелері мен қауіпсіздік туралы бейнероликтерді көре алады”.

Тәртіп сақшылары бұл тәсіл арқылы жол-көлік оқиғаларының алдын алып, тұрғындардың қауіпсіздікке деген жауапкершілігін арттыруды көздейді. Бастаманы жергілікті кофехана қолдапты. Арнайы стақандардың дизайнында жүргізушілерге арналған ескертулер мен жүрекжарды тілектер бар. Сондай-ақ, QR код арқылы видеоны көруге болады.

АЛТЫНБЕК ЖАМАЛИЕВ, СҚО ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы:
– “Бұл дизайнды біздің қызметкерлер өздері жасады, ешқандай мемлекеттік қаржы бөлінген жоқ. Ең бастысы – адам өмірін сақтап қалу. Қайғылы жағдайдын алдын алу үшін біз қолымыздан келгенше барлығын жасаймыз”.

Тәртіп сақшылары ерекше стақандарды жасаумен шектелмеді. Олар көлік иелеріне кофе де ұсынды. Бұл акцияға жүргізушілер оң баға берді. Айта кету керек, өңірде профилактикалық жұмыстар өз нәтижесін беруде. Өткен жылы облыста 500-ге жуық жол апаты тіркелсе, биыл бұл көрсеткіш 400-дің маңайында екен. Статистика 20%-ға азайған. Тәртіп сақшылары мұндай түсіндіру шаралары алдағы уақытта да жалғасатынын айтады.

Жаннур Бектурганова