Петропавлдағы “Dostyq Mall” сауда-ойын-сауық орталығында «Бір ауыл – бір өнім» жобасының жәрмеңкесі өтті. Бұл – дәстүрлі шара. Өңірімізде жергілікті өндірушілерді қолдау және отандық брендтерді дамыту мақсатында 2023 жылдан бері жүзеге асырылып келеді.
ӘСЕЛ ҚҰНАНОВА, СҚО Кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы:
– ««Бір ауыл – бір өнім» жобасының жәрмеңкесі конкурс ретінде өтеді. Алғашқы кезең мамыр айында ұйымдастырылды. Ал біз маусымда өнімдерді одан әрі көпшілікке таныту, түрлендіру үшін таргетолог, маркетолог және технологтармен жұмысты бастайтын 10 финалисті анықтадық. Міне, сол жандар және өзге өндірушілер Петропавлға келді. Мұнда олар өзара бәсекеге түспейді, әкелгендерін халыққа сатады».
Сауда жәрмеңкесіне қала мен облыстың 7 ауданынан келген 24 кәсіпкер қатысты. Сөреге тәбет ашатынның барлығы қойылған. Табиғи сүт және ет өнімдері, қымыз, бал, кондитерлік тағамдар еріксіз көзге түседі. Көздің жауын алатын қолөнер бұйымдары да табылады. Ат әбзелдері және керамика шеберлері мақтауға әбден лайық. Ал аспаздар мен кондитерлердің өнімдері тіл үйіреді.
РЫСХАН СӘРСЕКЕЕВА, тауар өндіруші, Қызылжар ауданы:
– «Мен Бескөл ауылынан келдім. 12 жылдан бері тәтті тоқаш пісірумен айналысып келемін. Аталған өнімнің 4 түрін және “Трайфл” тортын әкелдім. Сондай-ақ, бауырсақ пен бүйректер де бар. Барлығы асқан ұқыптылықпен, махаббатпен әзірленді. Әкелгенім біртіндеп өтіп жатыр».
Айта кетейік, жәрмеңке «Republic Day» республикалық акциясы аясында өтті. Тұтынушылар күні бойы сауда жасау мүмкіндігін иеленді. «Бір ауыл – бір өнім» жобасы өңірімізде алдағы уақытта да жүзеге асады. Келесі өтінім қабылдау науқаны қаңтар айында ұйымдастырылады.
Сандугаш Кайырбек