Петропавлда алғаш рет Dota 2 ойынынан ашық облыстық турнир өтті. Жарысқа әрқайсысы 5 ойыншыдан құралған 16 команда қатысты. Сайысты облыстық киберспорт федерациясы ұйымдастырды. Ұйымдастырушылардың мақсаты – танымал киберспорт бағыттары бойынша өңірдің ең мықты командасын жасақтау.
АБАЙ ӘЛЖАНОВ, СҚО киберспорт федерациясының өкілі:
– “Біздің мақсатымыз – Counter-Strike, Dota 2, FIFA және Mobile Legends сияқты танымал киберспорт бағыттары бойынша өңіріміздің ең мықты командасын жасақтау. Сонымен қатар, мобильді ойындарды да дамытып жатырмыз. Бүгін Dota 2 ойынынан алғашқы турнирімізді өткізіп отырмыз. 100-ден астам қатысушы жиналды. Олардың арасында жартылай кәсіби деңгейдегі жастар да бар”.
Dota 2 – екі команда өзара бақ сынайтын, стратегиялық ойлау мен жоғары зияткерлік қабілетті талап ететін ойын. Турнирге Солтүстік Қазақстан облысынан бөлек, Ақмола облысының Cyber-Prank командасы да қатысты.
МАНАС ҚАЛИОЛЛА, турнирге қатысушы:
– “Біз әртүрлі турнирлерге көптен бері қатысып жүрміз. Командадағы жігіттердің барлығы тәжірибелі. Бірінші орын алуға 100 пайыз сенімдіміз. Бірақ, әрі қарай да осы бағытта өзімізді дамыта түсеміз”.
Жарыс қорытындысы бойынша бірінші және үшінші орындарды солтүстікқазақстандықтар иеленсе, екінші орын Ақмола облысының командасына бұйырды. Жеңімпаз ұжымға 500 мың теңгелік сертификат табысталды.
Сандугаш Кайырбек