Қоғам

Облыстық әкімдік отырысы

НҰРАСЫЛ ЕРЖАНҰЛЫ, тілші:
– Петропавлда облыстық әкімдіктің кезекті отырысы өтті. Алқалы жиында алдымен өңірдің 9 айдағы әлеуметтік-экомикалық даму көрсеткіштері жіпке тізілді. Қуанышқа орай, барлық салада дерлік өсім байқалады. Бұл туралы экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қуанышбек Қалижанов айтты.

ҚУАНЫШБЕК ҚАЛИЖАНОВ, СҚО экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы:
– “Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда ауыл шаруашылығында – 10 пайыз, өнеркәсіп – 15, инвестиция тарту – 2,9, тұрғын үйді пайдалануға беру 3 пайыз өсім байқалады. Сонымен қатар, өңдеу өнеркәсібі мен көлік саласында да зор жетістіктерге жеттік”.

Әр саладағы жетістіктерге жеке-жеке тоқталсақ. Биыл облыста 697 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілген. 392 млрд теңгеден астам инвестиция тартылған. 173 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, өнеркәсіп саласындағы іскер жандар 718 млрд теңге пайда көріпті. Тек құрылыс саласында ғана төмен көрсеткіш тіркелген.

ҚУАНЫШБЕК ҚАЛИЖАНОВ, СҚО экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы:
– Өңір бойынша құрылыс саласындағы нақты көлем индексі 100 пайызға жетпеді. Уәлиханов, Мамлют, Тайынша және Жамбыл аудандарында жұмыс баяу жүруде. Әсіресе, соңғы аталған ауданда қарқын өте төмен. Бұл бағыт бойынша Аққайың ауданы көш бастап тұр. Онда берілген тапсырма 164 пайызға орындалды”.

Облыс әкімі жиын барысында мал шаруашылығында жеткен жетістіктерімізді ерекше атап өтті. Биыл аймаққа 7 мың бастан астам асыл тұқымды сиыр әкелінген. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 11 мың басқа жеткізу жоспарланып отыр.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– “Облыста 118 тауарлы-сүт фермасы жұмыс істейді. Оның 50 пайызы заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған. Жүргізілген жүйелі жұмыстың нәтижесінде аймақта 300 мың тоннадан астам сүт өндірілді. Осы қарқыннан таймасақ, жыл соңында аталған көрсеткіш бойынша ел бойынша көш басына шығамыз”.

Сонымен қатар, биыл аймақта 63 мың тонна ет, 512 млн дана жұмыртқа өндірілген. Аталған көрсеткіштер бойынша облысымыз ел бойынша алғашқы бестікке кіреді.

Нурасыл Ахмет