24-қазан күні жергілікті “Қызылжар” футбол клубы өз алаңында жезқазғандық “Ұлытауды” қабылдады. Бұл қырандар үшін өте маңызды матч болды. Жеңіліске ұшыраса Премьер-лигадан ұшу қаупі жоғарылайтын еді. Жауапкершілік жүгін сезінген жерлестеріміз жоғары деңгейде өнер көрсетті. Допқа иелік ету бойынша қонақтар басым болғанымен алаң иелері өткір шабуылдар ұйымдастырды. Ойынның 41-минутында шабуылшы Стефан Баокен есеп ашып, алаң иелерін алға шығарды. Матч соңына дейін 1 де 0 есебі сақталып, жергілікті теңбіл доп шеберлері жеңіске жетті. Нәтижесінде Қазақстан премьер-лигасындағы орнын сақтап қалды. Қазіргі таңда “Қызылжар” футбол клубы турнирлік кестеде 30 ұпаймен 9-шы орында тұр. Чемпионаттың соңғы турында ақтаулық “Каспиймен” кездеседі. Ойын 31 қазан күні сырт алаңда өтеді.
Нурасыл Ахмет