Теріскейлік каратешілер Қазақстан чемпионатынан олжалы оралды. Биыл дәстүрлі ел біріншілігі Шымкент қаласында өтті. Шырайлы шаһарда ұйымдастырылған додаға түрлі жастағы 500-ге жуық спортшы қатысты. Олар кумите, ката және тамэсивари бағыттары бойынша бақ сынады. Солтүстікқазақстандық саңлақтар жалпыкомандалық есепте екінші орынға табан тіреді. Өңір намысын қорғаған 24 жерлесіміз 9 бірдей алтын, 6 күміс және 9 қола жүлдені қоржынға салды. Бөрікті аспанға атқызған татами шеберлерін жақындары, спорттағы әріптестері мен жанкүйерлері теміржол вокзалынан қарсы алды.
ВЛАДИМИР ВИТЧЕНКО, СҚО бойынша киокушинкай карате ұйымының директоры:
– “Чемпионатқа 11 жастан бастап 17 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдер қатысты. Сонымен қатар, 18 жастан асқан спортшылар да өнер көрсетті. Әр жас санаты бойынша чемпиондар мен жүлдегерлер анықталды. Жалпы сайысқа барлық 17 облыс пен республикалық маңызы бар 3 қаланың құрамасы қатысты. Бұл чемпионат қорытындысы бойынша ұлттық құрамаға іріктеу жүргізілді. Нәтижесінде теріскейлік 14 каратэші ел намысын қорғайтын болады. Олар 2027 жылы Әлем және Азия чемпионатында бақ сынайды. Жалпы ел біріншілігінде Қарағанды облысының спортшыларына ғана есе жібердік. Көрсеткіш жаман емес. Енді байрақты бәсекелерге дайындықты пысықтайтын боламыз”.
Улан Ыдырыс