САНДУҒАШ ҚАЙЫРБЕК, тілші:
– “25 қазан – Республика күні. Бұл – тәуелсіздігіміздің тұғырын айқындап, елдігімізді дәріптейтін қастерлі мереке. Осы айтулы күнге орай Явленка ауылында ауқымды мерекелік іс-шара өтуде. Жиналған халықтың қарасы қалың”.
Аудандық Мәдениет үйіне аяқ басқан адам бірден мереке лебін сезінеді. Оларды өнерпаздар керемет туындыларымен қарсы алды. Республика күніне орай көрме де қанат жайған. Мұнда таланттардың қолөнер жұмыстары мен жеткен жетістіктері ұсынылған. Барлығымен Есіл ауданының әкімі Мереке Мұхамедияров танысып шықты. Осы жерде тілектер кітабына жылы лебізін де қалдырды.
Алыстан көзге түсер көк туымыз ішке енгізілді. Бұл – мерекелік шараның басталғанының белгісі. Артынша Қазақстан Республикасының мемлекеттік Әнұраны шырқалды. Республика күні – алпыстағы қария да, алтыдағы бала да шаттанатын күн. Жиналған жұртты ұлттық мерекемен Мереке Мұхамедияров құттықтады.
Есіл ауданы жылдан-жылға көркейіп, дамып келеді. Бұл – бірлігі бекем басшылықтың, еңбекке құштар мамандар мен халықтың ортақ жемісі. Салтанатты шарада әртүрлі сала өкілдері облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Нұрмаш Рамазановтың кәсіпкерлік бөлімін басқарып жүргеніне екі жыл болған. Мерекеде оның төбесі көкке жетті.
НҰРМАШ РАМАЗАНОВ, Есіл ауданы кәсіпкерлік бөлімінің басшысы:
– “Негізгі жұмысымыз – ауданға инвестиция тарту, кәсіпкерлікті дамыту және жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал ету. Алдағы уақытта инвестициялық жобаларды жүзеге асырып, Есіл ауданының кәсіпкерлік әлеуетін одан әрі арттыруды көздеп отырмыз. Республика күнімен барша отандастарымды құттықтаймын! Елімізге бейбітшілік, тұрақтылық пен өркендеу тілеймін!”.
Марапат алып, ерекше құрметке бөленген жандардың саны отызға жуықтайды. Гүлмира Құсайынова мемлекеттік қызметте 23 жылдан бері аянбай еңбек етіп келеді. Мереке қарсаңында “Үздік еңбек адамы” республикалық байқауына қатысқан. Жеңімпаз атанып, төсбелгімен марапатталды.
ГҮЛМИРА ҚҰСАЙЫНОВА, Есіл ауданы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы:
– “Халықты жұмыспен қамту мәселелері бойынша көмек көрсету, жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілерге Еңбек пен Әлеуметтік кодекс және басқа да заңнамалық актілер бойынша кеңес беру – менің басты міндетім. Әлеуметтік қорғау саласы – бірінші кезекте түсіністік, қолдау. Бастысы адамгершілік дегім келеді. Бүгін еңбегімнің еленгеніне дән ризамын”.
Ақан сері атындағы облыстық филармония мен Ермек Серкебаев атындағы өнер колледжінен келген таланттар есілдіктерге ән-жырдан шашу шашты. Халық марқайып, шаттанып қалды. Бұл – еңселі егемендіктің тағы бір жемісі.