Мәдениет

Республика күні балалардың тұсауы кесілді

Республика күні Петропавлда қазақтың ертеден келе жатқан дәстүрі – Тұсаукесер ұйымдастырылды. Ұлттық мерекеде 7 баланың аяғына ырымдап байланған ала жіп кесілді. Салтанатты шараға аймақ басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов те қатысты.

Дәстүрге берік, ырымшыл қазақ халқы тұсауды бұрыннан елдің алды болып жүрген азаматтарға кестірген. Бүгінгі шарада өңірімізге белгілі жерлестеріміз төбе көрсетті. Барлы кезек-кезек ортаға шығып, ала жіпті кесті, балаларға жүрекжарды тілектерін білдірді.

ТІЛЕК ӘБДІРАХМАНОВ, СҚО құрметті азаматы:
– “Тұсау кесу – қазақ дәстүрінің маңызды бөлігі. Осы рәсім баланың алғашқы қадамына ақ жол тілеп, үлкен өмірге адал аттасын деген ниетпен жасалады. Бүлдіршіндер бақытты, ғұмырлы болып, еліміздің іргесін нығайтуға үлес қосатын, ел намысын қорғайтын азаматтар болсын!”.

Балалардың арасынан міндетті түрде ел мерейін асыратын чемпион шығуы тиіс. Шараға XIV қысқы Паралимпиада ойындарының чемпионы Ербол Хамитов қатысты.

ЕРБОЛ ХАМИТОВ, XIV қысқы Паралимпиада ойындарының чемпионы:
– “Бүгінгі іс-шараға қатысқаныма қуаныштымын. Осындай шараға алғаш рет қатысып отырмын. Кішкентайлар бізге қарап бой түзейді, жетістіктерімізге қарап, шабыт алады деп сенемін”.

Тұсаукесер рәсімі соңында бата берілді, балаларға сыйлықтар табысталды. Жиналғандар естелік суретке де түсті.

 

 

Жансая Дербисова