Республика күніне орай облыс орталығының Ойқала ықшам ауданында шағын футболға арналған жаңа модульді спорт алаңы ашылды. Енді Петропавлдан елге танымал футзалшылар шықпақ. Нысанның ашылу салтанатына Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов қатысып, жиналған қауымды мерекемен құттықтады.
Нысан “Қазақстан халқына” қоғамдық қорының қолдауымен салынды. Аталған ұйым біраздан беру өңірдегі денсаулық сақтау, мәдениет, білім және дене шынықтыру салаларына үлкен қолдау көрсетіп келеді. Мысалы, бұл – қордың көмегімен тапсырылған 6-шы спорт алаңы.
Ашылу салтанатына футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері, бразилиялық маман Рикардо Какау да қатысты. Жаттықтырушы болашағынан зор үміт күттіретін балаларға ұлттық құраманың қолтаңбасы бар форма сыйлап, бірге доп тепті.
Облыста футзалға ерекше көңіл бөлінуде. Биыл жеке инвестиция есебінен “Қызылжар” кәсіби клубы ашылды. Ендігі міндеттің бірі – жас буынды даярлау. Өңірде осыған айрықша көңіл бөлінбек.
НҰРЛЫБЕК АЙКЕШОВ, “Қызылжар” футзал клубының директоры:
– “Футзал клубы осы алаңда дайындала алады. Болашақта балаларымыз Қазақстан ұлттық құрамасына енеді деп үміттенеміз. Алаң қолайлы. Жақсы жарықтандырылған. Бұл жерде дайындалып, көп жақсы спортшылар шығады деп ойлаймыз”.
Мүмкіндік бар, тек жақсы жаттығып, атой салу ғана қалды. Бұған елордадан арнайы келген Қазақстан кәсіпқой футзал лигасының президенті Талғат Қосмұхамбетов тілектес.
ТАЛҒАТ ҚОСМҰХАМБЕТОВ, Қазақстан кәсіпқой футзал лигасының президенті:
-“Қазақстан кәсіпқой футзал лигасы Солтүстік Қазақстан облысын, Петропавл қаласын осындай тамаша кешеннің ашылуымен құттықтайды. Бүгін мұнда Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Какау да арнайы келді. Біз облыс әкімі мен спорт басқармасына футзалды қолдап жатқандары үшін алғыс айтамыз. Тиісті қолдау көрсетілсе, алдағы уақытта Петропавлдың командасын Қазақстан Суперлигасынан көреміз деген үміттеміз”.
Спорт алаңының ұзындығы – 40, ал ені – 20 метр. Ішінде 30-дан астам адам жаттыға алады. Балаларға да, ересектерге де шеберлік шыңдауға болады. Қажеттінің бәрімен қамтылған. Нысанды салу үшін қордан шамамен 200 млн теңге қаражат жұмсалыпты.
ҚАРЛЫҒАШ РАМАЗАНОВА, СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:
– “2024 жылы бұл жерді су басқан болатын. Сол үйлерді сырғаннан кейін босаған орындарға осындай спорт объектілерін салу жоспарланған еді. Зал футзал, волейбол, баскетболға арналған. Толықтай кесте құрылғаннан кейін біз тұрғындарды спортпен айналысуға шақырамыз”.
11 жастағы Максим Зеленский футболмен 4 жыл айналысып келеді. Алаң жас спортшының көңілінен шықты. Ол мұнда достарымен жиі келіп, жаттыуға жасамақ.
МАКСИМ ЗЕЛЕНСКИЙ, “Қызылжар” БЖСМ тәрбиеленушісі:
-“Маған ұнады. Бұл жер доп тебуге өте ыңғайлы. Қақпасы үлкен екен. Бұған дейін далада ойнадық, енді қыста жаттығатын жылы залымыз бар”.
Мемлекет басшысы атап өткендей, спортпен шұғылдану – жарқын болашақтың кепілі. Солтүстік Қазақстан облысында бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Тек биылдың өзінде өңірде 52 футбол алаңы салынды.
Жаннур Бектурганова