Аптадағы маңызды жаңалықтар

Петропавлда Республика күні кең көлемде аталып өтті

НҰРАСЫЛ ЕРЖАНҰЛЫ, тілші:
– “25-қазан 1990 жыл. Дәл осы күні Қазақстанда мемлекеттік егемендік туралы декларация қабылданды. Ат басындай алтыннан да қымбат құжат Қазақстанның дербес мемлекет ретінде қалыптасуына жол ашты. Бұл тәуелсіздігімізді ұлықтап, ұлттық рухымызды асқақтататын, елдігімізді дәріптейтін айтулы мереке. Бүгін еліміздің түкпір-түкпірінде думан басталып та кетті. Өңіріміздегі мерекелік бағдарламаның басында Ту көтеру шарасы тұр”.

Әнұран әуені әуелеп, көк байрағымыз көкке көтерілді. Көк аспанымызбен үйлесіп, ерекше сән беріп тұрғандай. Бұл салтанатты рәсім мерекенің басты ерекшелігі болып саналады. Біз – елдік пен еркіндіктің символы саналатын рәмізімізді әрқашан биік ұстаған елміз. Себебі, Қазақстан үшін азаттық пен асыл байрақтан асқан еш нәрсе жоқ.

Салтанатты рәсімнен кейін жиналған жұртшылыққа мерекелік концерт ұйымдастырылды. Шараға облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов қатысты. Облыстың дамуына сүбелі үлес қосқан ардагерлер де бой көрсетті. Ел ағасы Жангелді Тәжин өткен ғасырдың соңында орын алған айтулы оқиғаны бір сәт еске алды.

ЖАНГЕЛДІ ТӘЖИН, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы:
– “Бұл күні Қазақ КСР жоғары кеңесінің депутаттары егемендік туралы декларацияны қабылдады. Маңызды құжат 17 баптан тұрды. Соның негізінде Қазақстан Республикасының алғашқы Конституциясы жазылды. Сол күн әлі есімде. Қуанышымыз қойнымызға сыймай, бір-бірімізден сүйінші сұраған едік.

Азаттықтың қадірін білу, елдігімізді сақтау, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу – әрбір азаматтың парызы. Ата-бабамыздан қалған асыл мұраларды көздің қарашығындай сақтау қажет.

ЖАНГЕЛДІ ТӘЖИН, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы:
– “Жастар Республика күнінің мән-маңызын түсініп, егемендіктің қалай келгенін ұғынулары қажет. Тарихымыздағы батыр бабаларымызды ұмытпаған жөн”.

Орталық алаңға жиналған жұртшылықтың қарасы қалың. Мерекелік көңіл күйге табиғат та үн қосқандай. Күздің салқын лебі сезілгенімен, күн шуағын шашып, айналаға ерекше жылылық сыйлап тұр. Тұрғындар үшін Республика күні – күнтізбедегі мереке ғана емес, елдігімізді айшықтап, егемендігімізді дәріптейтін ерекше күн. Теріскейліктер мейрамның тарихи маңызын терең түсініп, тәуелсіз Қазақстанның жетістіктерін мақтан тұтады. Мемлекетіміздің жыл сайын дамып, әлемдік державаға айналғанын қалайды.

Биыл еліміз үшін айрықша жыл. Тәуелсіздігіміздің 35 жылдығын тойлаймыз. Осы уақыт үшін Қазақстан өз алдына дербес мемлекет ретінде қалыптасып, әлемге танылды. Мемлекет басшысының жүргізіп отырған парасатты саясатының арқасында экономикамыз алға басты. Ендігі мақсат – елдің бірлігін одан әрі бекемдеп, жарқын болашаққа жол ашу.

Нурасыл Ахмет