Қоғам

Петропавлда елдік пен еңбек ұлықталды

ҰЛАН ЫДЫРЫС, тілші:

– “Бүгін – Республика күні. Бұл – егемендігіміздің бастауы болған, ел тарихында айрықша орны бар ұлттық мереке. 1990 жылы дәл осы күні Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылданып, тұғырлы Тәуелсіздікке жол ашылды. Мейрамды солтүстікқазақстандықтар биыл да кең көлемде атап өтуде”.

Мерекеге орай С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрында арнайы көрме қанат жайды. Өнер ордасының ішінде Алматы қаласының Орталық ғылыми кітапханасынан жеткізілген сирек кітаптар мен қолжазбалар қойылған. Солтүстікқазақстандықтар көне жәдігерлермен танысуға мүмкіндік алды.

ТИМУР ТАЛҒАТҰЛЫ, “Ғылым ордасы” РМК Орталық ғылыми кітапханасының қызметкері, Алматы қаласы:
– “Экспозицияға алғашқы басылымдарынан бастап бүгінге дейін сақталған, тарихи және ғылыми маңызы зор 70-ге жуық жәдігер қойылды. Олардың қатарында ЮНЕСКО-ның “Әлем жады” бағдарламасының тізіміне енген құнды мұралар да бар”.

Экспозицияға қойылған жәдігерлердің арасында теріскей тарихына қатысты құнды деректер де бар. Соның бірі – мұқабасында Қызылжар қаласы жамағатының мөрі сақталған көне кітап. Ол 1908 жылы басылып шыққан.

ТИМУР ТАЛҒАТҰЛЫ, “Ғылым ордасы” РМК Орталық ғылыми кітапханасының қызметкері, Алматы қаласы:
– “Кітаптың мұқабасында Қызылжар қаласының жамағаты деген мөр кездеседі”.

Арнайы көрмемен облыс әкімі Ғауез Торсанұлы да танысты. Кейін іс-шараның ресми бөлігі басталды. Өңір басшысы жиналған қауымды ұлттық мерекемен құттықтады. Салтанатты басқосуда ел тәуелсіздігінің бастауы болған тарихи күннің маңызы аталып өтілді.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– “1990 жылғы 25 қазанда Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылданды. Биыл тарихи құжаттың қабылданғанына 36 жыл толып отыр. Бұл декларация Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуына жол ашып, елдің дербес даму бағытын айқындады. Құжатта мемлекеттің аумақтық тұтастығы, азаматтық құқықтары мен ұлттық мүдделерін қорғау қағидаттары көрініс тапты. Сондықтан оның тарихи маңызы ерекше”.

Салтанатты жиын барысында облыс әкімі өңірдің дамуына елеулі үлес қосқан 30-дан астам солтүстікқазақстандыққа мемлекеттік наградалар мен марапаттар табыстады. “Буденое-СК” серіктестігі байқау кеңесінің төрағасы Мұстафа Гулиев пен “Радуга” серіктестігінің бас директоры Дмитрий Шарапаев “Парасат” ордендерімен марапатталды.

Бұдан бөлек тағы 3 адам “Құрмет” орденімен марапатталды. Олардың қатарында “Апаттық қызмет” өндірістік кооперативінің директоры Юрий Бацанов, Аққайың ауданының әкімі Жанар Құсайын және “Дауынбай” фермерлік шаруашылығының басшысы Тұяқ Сейітбеков бар.

Нұрлыбек Алдияров “Alageum Electric” кәсіпорнында 25 жылдан астам уақыт бойы электродәнекерлеуші болып жұмыс істейді. Бүгін оған “Ерен еңбегі үшін” медалі табысталды.

НҰРЛЫБЕК АЛДИЯРОВ, “Alageum Electric” компаниясының электрдәнекерлеушісі
– “Мейрам құтты болсын! Басшылыққа көп рақмет, еңбегімізді елеп жатқанына. Осы салада жүргеніме 28 жыл болды”.

Іс-шара соңында кеш қонақтарына арнайы концерттік бағдарлама ұсынылды.

Улан Ыдырыс