Мемлекет басшысы айқындаған басымдықтардың қатарында өскелең ұрпақтың сапалы білім алып, жан-жақты дамуына жағдай жасау міндеті бар. «Алпамыс» балабақшасы Шоқан Уәлиханов пен Чкалов көшелерінің қиылысында орналасқан. Жалпы аумағы 3 мың 100 шаршы метрден асады. Жоба құны – 3 млрд теңге. Құрылыс жұмыстарын «Мирас Group» серіктестігі жүргізген. Салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов қатысты.
Жаңа балабақша «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен бой көтерді. Мұнда балалардың қабілетін ашып, танымын кеңейтуге арналған қолайлы орта қалыптастырылған. Топтар мен арнайы кабинеттер заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген. Педагогтер интерактивті құралдарды пайдаланып, түрлі оқыту технологияларын қолданады
Балабақша 12 топқа арналған. Оның бесеуі ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға бейімделген. Білім беру мен тәрбие жұмыстары мемлекеттік тілде жүргізіледі.
Қазір нысандағы құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталған. Қажетті құжаттарды рәсімдеу жұмыстары біткеннен кейін балабақша балаларды қабылдай бастайды. Бүгінде Солтүстік Қазақстан облысында 442 мектепке дейінгі ұйым бар. Оның 61-і – мемлекеттік, 16-сы – жекеменшік балабақша. Соңғы үш жылда өңірде «Бірлік», «Береке», «Жас өркен» және «Радуга» балабақшалары ашылды. Енді олардың қатарына «Алпамыс» қосылды. Тәуелсіздіктің 35 жылдығы қарсаңында әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, балаларға сапалы тәрбие мен білім алуға жағдай жасау жұмыстары жалғасып жатыр. Жаңа балабақша — осы бағыттағы кезекті қадам.
Нурасыл Ахмет