Қызылжар ауданындағы Новоалександровка ауылында балаларға арналған ойын және спорт алаңдары ашылды. Жоба “100 игі іс” акциясы аясында жүзеге асырылған. Қос нысанның құрылысына “Зенченко и К” КС 27 млн теңге қаржы жұмсаған. Ойын алаңқайында әткеншек те бар, сырғанайтын төбешіктер де тұр. Шағын саяжол салыныпты. Ал допты саусақ ұшында айналдыратын жеткіншектер футбол мен волейбол алаңдарында ойнайды. Тұрғындар мен балалардың қуанышында шек жоқ. 200 жылға жуық тарихы бар ауылда мұндай спорттық нысандар бұрын-соңды болмаған.
Новоалександровка ауылында 200-ге жуық тұрғын тұрады. Оның 50-і – мектеп оқушылары. Кәсіпкер Иван Зенченконың айтуынша іскер азаматтар ауылдың гүлденуіне үлес қосуы қажет. Халық разы болса, еңбек те өнімді болады, табыс та арта түседі.
ИВАН ЗЕНЧЕНКО, “Зенченко и К” КС директорының орынбасары:
– Біздің серіктестік ауданның әлеуметтік саласына жиі назарын аударып отырады. Тұрғындарға қолайлы жағдай жасап отыруға тырысамыз. Жыл сайын қаражат бөліп, спорт алаңдарын, әлеуметтік нысандар саламыз”.
Үлгілі кәсіпорын игі ісін үзбейді. Серіктестік келесі жылы Трудовое ауылында да спорт нысанын салуды жоспарлап отыр.
Аружан Султанова