Қоғам

Есіл ауданында ауылдық өрт сөндіру бекеті ашылды

Жаңа өрт сөндіру бекеті Заречный округіне қарасты Қараағаш ауылында орналасқан. Жоба «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында жүзеге асырылды. Нысанның ашылуына жергілікті кәсіпкер Біржан Ғайсин демеушілік қолдау көрсеткен.

 АРМАН АБУЛҒАЗИН, Заречный ауылдық округінің әкімі, Есіл ауданы: 
– «Қараағаш ауылында көптен күткен өрт сөндіру бекеті ашылып отыр. Бұл – тұрғындар үшін маңызды нысан. Өрт сөндіру бекетінің болуы Төтенше жағдайлар департаментінің негізгі күштері келгенге дейін оқиға орнына жедел жетіп, алғашқы көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Бекет қажетті техникамен және мамандардың жұмыс істеуіне қолайлы жағдайлармен қамтамасыз етілген. Алдағы уақытта осындай бекеттердің санын көбейту жоспарда бар».

Нысанның ашылу рәсімінде сөз сөйлеген аудан әкімі Мереке Мұхамедияров жаңа бекеттің ауыл тұрғындары үшін маңыздылығын атап өтті. Өрт сөндірушілердің жақын жерде кезекшілік атқаруы өрт шыққан жағдайда оқиға орнына уақытылы жетуге ықпал етеді.

МЕРЕКЕ МҰХАМЕДИЯРОВ, Есіл ауданының әкімі:

– «Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету адамдардың өмірі мен денсаулығын қорғау мәселелері әрдайым біздің жұмысымыздың басты басымдықтарының бірі болып қала береді».

Бекетте екі өрт сөндіруші маман мен жүргізуші қызмет атқарады. Олар Қараағаш, Алқа және Гурьяновка ауылдарының өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Ашылу рәсімі барысында арнайы оқудан өткен мамандарға сертификаттар табысталды. Сондай-ақ, ауыл тұрғындары көптен күткен нысанның ашылғанына қуанышты екендерін жеткізді. Айта кетейік, Қараағаш ауылында бүгінде 150-ге жуық адам тұрады. Соңғы бес жылда мұнда 14 отбасы қоныс аударған.

Данаш Хамза