Жаңа жедел медициналық жәрдем станциясының құрылысы – өңірдің денсаулық сақтау жүйесін дамытудағы маңызды жобалардың бірі. 1905 жылы салынған қазіргі ғимарат апатты жағдайда тұр әрі заман талабына сай келмейді. Жаңа кешен медицина қызметкерлеріне жұмыс істеуге, кәсіби білімін жетілдіруге және тынығуға мүмкіндік береді.
АҚМАРАЛ ӘЛНАЗАРОВА, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
– “Ауа райы мүмкіндік беріп тұрған кезде құрылысты жеделдетуіміз керек. Қаржыландыру мәселесі шешілді. Бұл – әлеуметтік маңызы зор, көптен күткен, аса маңызды нысандардың бірі. Іс жүзінде жүз жылдан астам уақыт бойы күтіп келді. Қазіргі ғимарат талапқа сай емес, бейімделмеген. Сондықтан бұл мәселеге ерекше назар аударып отырмыз. Былтыр Маңғыстауда осындай нысан пайдалануға берілді, қазір Атыраудағы нысанның құрылысы аяқталуға жақын. Ал сіздердегі құрылыс келесі жылы аяқталады”.
Жоба бойынша жалпы ауданы 7 мың 700 шаршы метр болатын төрт қабатты ғимарат салынады. Нысанның жобасына Астанадағы орталық жедел жәрдем станциясының үлгісі негіз болған. Жаңа кешенде қызметкерлердің біліктілігін үздіксіз арттыруға арналған симуляциялық орталық, 20 көлікке арналған гараж, жөндеу және бояу бокстары, сондай-ақ жеке шиномонтаж шеберханасы болады. Қазір қаладағы жедел медициналық жәрдем қызметінде 390 адам еңбек етеді. Ал облыс аудандарында тағы 450 маман жұмыс істейді.
ЮРИЙ БЕЛОНОГ, облыстық жедел медициналық жәрдем орталығының директоры
– “Облыс тұрғындары біздің қандай қолайсыз жағдайда жұмыс істегенімізді жақсы біледі. Бұл мәселе бірнеше ондаған жыл бойы шешімін таппай келді. Сондықтан ұжымымыздың барлығы осы жобаның басталғанына қуанышты. Биыл денсаулық сақтау министрі мен облыс әкімінің қолдауының арқасында құрылыс жұмыстары басталды. Құрылыс мерзімі жұмыс басталған күннен бастап 14 айға созылмақ. Сондықтан келесі жылдың соңында жаңа ғимаратқа көшуді жоспарлап отырмыз. Жоба құны – 5 миллиард 800 миллион теңге. Оның 90 пайызы республикалық бюджеттен, ал 10 пайызы жергілікті бюджеттен қаржыландырылады”.
Жедел жәрдем станциясынан бөлек, Ақмарал Әлназарова 480 орындық көпбейінді аурухана мен мүгедектігі бар балаларға арналған оңалту орталығының құрылысымен де танысты. Соңғы нысанда құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Орталық іске қосылғаннан кейін балалар қажетті оңалту көмегін алып, заманауи жағдайда сауығу мүмкіндігіне ие болады. Бұл жобалардың жүзеге асуы өңірдің медициналық инфрақұрылымын дамытуға, медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға және тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға жол ашпақ.
Аружан Султанова