Аптадағы маңызды жаңалықтар

Өңір басшысы жұмыс сапарымен Ғ.Мүсірепов ауданында болды

ҰЛАН ЫДЫРЫС, тілші:

– “Біз қазір Ғабит Мүсірепов ауданындамыз. Мұнда жұмыс сапарымен облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов келеді. Ең алдымен аймақ басшысы “Ақ Нан Север” ЖШС-да жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының барысымен танысады”.

“Ақ Нан Север” серіктестігінде 16 млрд теңгенің фудпаркі салынып жатыр. Шаруашылық астықты дайын өнімге айналдыруды көздеп отыр. Агрокәсіпорын алғашқы кезеңде 84 мың тонна дәнді дақыл сақтайтын қойма және қуаттылығы сағатына 400 тонна болатын екі кептіру кешенін салмақ.

АНТОН ШТРАК, “Ақ Нан Север” ЖШС директорының міндетін атқарушы, Ғ.Мүсірепов ауданы:
– “Біздің басты мақсатымыз – әр масақтан түскен табыстың өңірімізде қалуын қамтамасыз ету. Негізгі міндет – астықты осында қабылдап, оны дайын өнімге айналдырып, өзіміздің және шетелдік дүкен сөрелеріне жеткізу. Қазіргі уақытта артымызда көпфункционалды элеватордың бірінші кезеңінің құрылысы жүріп жатыр. Мұнда сағатына 400 тонна астық кептіретін екі кешен болады. Бұл – Қазақстанда баламасы жоқ бірегей жоба”.

Құрылыс жұмыстары сәуір айында басталды. Серіктестік жобаның бірінші кезеңін келесі жылдың қыркүйек айында аяқтауды жоспарлап отыр.


АНТОН ШТРАК, “Ақ Нан Север” ЖШС директорының міндетін атқарушы, Ғ.Мүсірепов ауданы:
– “Бұл нысанның басты ерекшелігі – тапсырыс берушінің талабына сай астықтың кез келген партиясын өңдеуге болады. Яғни, шикізатты қажетті деңгейде өңдеп, тұтынушыға керекті өнімді ғана дайындаймыз. Ең алдымен, жергілікті агроқұрылымдармен жұмыс істеуді көздеп отырмыз. Олар үшін сенімді өнім қабылдайтын кәсіпорынға айналғымыз келеді”.

Солтүстік Қазақстан облысындағы майлы дақыл өңдеу саласына тиесілі ірі кәсіпорындардың бірі – Новоишим ауылындағы “Масло-Дел” зауыты. Нысан 2006 жылы іске қосылған. Мұнда жылына 120 мың тонна рапс пен зығыр тұқымы өңделеді. Кәсіпорын жылына 48 мың тонна тазартылмаған өсімдік майын және 72 мың тонна күнжара өндіруге қауқарлы.

Соңғы жылдары өндіріс орнын жаңғыртуға да басымдық берілген. 2022–2026 жылдар аралығында кәсіпорынға 2,74 млрд теңге инвестиция құйылыпты. Оның ішінде инфрақұрылымды жаңартуға – 1,9 млрд теңге, теміржол цистерналарын сатып алуға 840 млн теңге бағытталған.

Кейін аймақ жетекшісі “Қазақстан Бидайы” серіктестігін аралады. Мұнда жарма мен үлпек өндіретін зауытты іске қосу жоспарланып отыр. Жобаның жалпы құны – 3 млрд 200 млн теңге. Кәсіпорын жылына 24 мың тонна жарма мен үлпек өндіруге қауқарлы. Жаңа өндіріс орны іске қосылғанда 24 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.

Новоишим ауылында пайдаланылмай тұрған нысандарды қайта іске қосу бағытында да бірқатар жұмыс жүргізіліп жатыр. Мәселен, “Колос 2020” серіктестігі 20 жылдан бері қаңырап бос тұрған мұнай базасын сатып алып, оны қалыпқа келтірген. Жоба құны – 450 млн теңге.

СЕРГЕЙ ДУДНИК, “Новоишимская нефтебаза” ЖШС директоры, Ғ.Мүсірепов ауданы:
– “Мұнай базасы 2000-шы жылдардың басында жабылып, содан бері жұмыс істемей тұрды. Бұрынғы қожайыны банкротқа ұшырап, нысан банк иелігіне өткен. Қалпына келтіру жұмыстары кезінде ескі ғимараттар бұзылып, орнына жаңа нысандар салынды. Атап айтқанда, жаңа сорғы станциясы бой көтеріп, көліктерге арналған бокс салынды, қойма қалыпқа келтірілді. Кеңсе жөнделіп, жаңа таразы орнатылды. Қазір мұнда 13 адам еңбек етеді. Орташа жалақы – 738 мың теңге”.

Сонымен қатар, өңір басшысы “Kazmeal Ltd” және “Kazmeal Oil” компанияларының жұмысымен танысты. Соңғысы Новоишимкада май экстракциялау зауытын салуды жоспарлауда. Жобаға 81 млрд теңге бөлінген. Кәсіпорын жылына 305 мың тонна өсімдік майы мен 270 мың тонна шрот өндіретін болады. Жобаны іске асыру нәтижесінде 145 жаңа жұмыс орны ашылады. Өндірісті 2029 жылдың қаңтарында іске қосу көзделген.

Ал “Kazmeal Ltd” серіктесігі болса, 2023 жылы іске қосылған. Кәсіпорын құрама жем өндіреді. 2026 жылы зауытқа 926 млн теңге инсвестиция құйылды. Нәтижесінде өнімділігі жоғары төрт ұсақтағыш орнатылып, қаптау желілері мен қосымша теміржол тармақтары іске қосылды. Сондай-ақ, жүк тиеу техникасы жаңартылды.

ҚАНАТ МҰРЗАҒҰЛОВ, “Kazmeal Ltd” ЖШС бас директоры, Ғ.Мүсірепов ауданы:
– “Өндіріс көлемі жыл сайын артып келеді. 2023 жылы 160 мың тоннадан астам өнім өндірілсе, 2024 жылы бұл көрсеткіш 415 мың тоннаға жуықтады, ал былтыр 558 мың тоннадан асты. 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында 293 мың тоннадан астам өнім шығарылды. Қазір кәсіпорында 214 адам еңбек етеді. Қызметкерлердің орташа жалақысы 373 мың теңгені құрайды”.

Бұдан соң Ғауез Торсанұлы арнайы іс-шараға қатысып, аудандағы медициналық мекемелерге жедел жәрдем көліктерінің кілтін табыс етті. Бұл игі бастама жергілікті агроқұрылым өкілдерінің арқасында жүзеге асты. Туған жерінің дамуына үлес қосқысы келген кәсіпкерлер жалпы құны 70 млн тенгеге 7 арнайы темір тұлпар сатып алды.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– “Бүгін жергілікті ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері медициналық мекемелерге табыс етуде. Барлықтарыңызға алғыс білдіремін”.

Кейін облыс әкімі аудандық аурухананың жағдайымен танысты. Мекемеге биыл жаңадан эндокринолог және уролог дәрігер келген. Ауруханада жаңа компьютерлік томограф та жұмыс істейді. Бұдан бөлек Новоишим ауылында төрт жылдан астам уақыт пайдаланылмай тұрған бұрынғы туберкулезге қарсы диспансер ғимаратын қайта жаңғырту жоспарлануда. Мұнда 95 мыңнан астам адамға қызмет көрсететін аурухана ашу жоспарланып отыр.

НҰРСҰЛТАН САРЖАНОВ, СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:
– “Көпбейінді аурухананы ашу үшін және оны қажетті медициналық жабдықтармен қамтамасыз етуге шамамен 2,5 млрд теңге қажет. Қазір жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Құжат дайын болғаннан кейін нысанның түпкілікті құны белгілі болады. Сонымен қатар, денсаулық сақтау министрлігінің тиісті шешімі қажет. Медициналық кадрлармен толықтыру және жабдықтау мәселелері шешілгеннен кейін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында қосымша қаржы бөлу мүмкіндігі қарастырылады”.

Іс-сапар соңында Ғауез Нұрмұхамбетов аудан халқымен кездесіп, бұйымтайларын тыңдады.

ГҮЛСІМ РАМАЗАНОВА, ауыл тұрғыны, Ғ.Мүсірепов ауданы:
– “Қазір Новоишим ауылындағы барлық нысандар мен үйлер ортақ жылу жүйесіне қосылды, жылу берілді. Менің дүкенім бар. Бірақ ол жылу жүйесіне қосылмаған. Тиісті тұлғаларға бардық, мардымды жауап бермеді”.

Бұл сауалға аудан әкімі Руслан Аңбаев жауап берді. Айтуынша, қазандықтың қуаты ауылдағы барлық нысанды ортақ жылу жүйесіне қосуға мүмкіндік бермейді. Бірақ өңір басшысы бұл мәселені дереу шешуді тапсырды.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– “Бүгін кездесуден кейін дереу тиісті мамандарды жіберіп мәселені қолға алыңыздар. Егерде қазандық қуаты жетпесе, келесі жылы ортақ жылу желісіне қосуға тырысыңыздар. Түйткіл жабулы қазан күйінде қалмасын”.

Айта кетейік, халықпен кездесу барысында аудан тұрғындары бұдан бөлек бірқатар сауал қойды. Олардың қатарында жол жөндеу, әлеуметтік нысандардың жағдайы және жерге қатысты мәселелер бар. Облыс әкімі көтерілген сұрақтардың назарға алынатынын айтып, жауапты басқармалар мен аудан әкімдігіне тиісті тапсырмалар берді.

Улан Ыдырыс