Ұстаздық – білім берумен қатар, зор жауапкершілікті талап ететін мамандық. Ал әскери саладағы педагогтің жауапкершілігі тіпті жоғары. Себебі, мұнда біліммен қатар тәртіп, отансүйгіштік пен кәсіби шеберлік те қатар қалыптасады. Ұстаздар күніне орай Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрында Ұлттық ұлан Академиясының үздік оқытушылары ұлықталған концерттік шара өтті. Мерекелік кеште өнерпаздар ән мен биден шашу шашып, ұстаздарға құрмет көрсетті.
Мерекелік іс-шара барысында “Жылдың үздік оқытушысы” байқауының қорытындысы шығарылды. Дәстүрлі түрде жыл сайын ұйымдастырылатын байқауда ұстаздардың кәсіби шеберлігі мен еңбегі сараланады. Биыл да үміткерлердің оқу, ғылыми және педагогикалық бағыттағы жетістіктері жан-жақты бағаланды.
АЗАТ МҰХАМЕДЖАНОВ, ҚР ҰҰ Академиясының бөлім бастығы:
– “Биыл байқауға түрлі кафедрадан 10 оқытушы қатысты. Соңында жинаған ұпайлары есептеліп, үздік нәтиже көрсеткен оқытушылар анықталды. Байқау барысында білім алушылардың нәтижесі, оқу үлгерімінің орташа көрсеткіші, пәндердің оқу-әдістемелік кешенмен қамтамасыз етілуі, мамандардың жеке тәртібі ескерілді”.
30 жылға жуық әскери салада еңбек етіп келе жатқан Болат Смағұлов үшін бұл марапат – кәсіби жолындағы маңызды белес. Ұлттық ұлан Академиясының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар циклінің бастығы «Жылдың үздік оқытушысы» атанып, бірінші орын иеленді.
БОЛАТ СМАҒҰЛОВ, ҚР ҰҰ Академиясы тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар циклінің бастығы:
– “Өзімнің сабақтарымда курсанттармен тәрбие, әлеуметтік және құқықтық бағыттар бойынша жұмыс жүргіземін. Оқытушылық қызметте еңбек етіп келе жатқаныма 5 жылдан асты. Алдағы уақытта да осы еңбегімді жалғастырып, әскери бөлімдерде жинақтаған тәжірибемді курсанттарға беруге тырысамын. Байқау барысында осы уақытқа дейінгі еңбегім мен жетістіктерімді барынша көрсетуге тырыстым”.
Бүгінде Академия – білімі мен біліктілігі шыңдалған офицерлер даярлайтын маңызды оқу ордасының бірі. Оқу орны құрылғалы 8 мамандық бойынша 5 мыңнан астам жас маман білім алып шыққан.
Жансая Дербисова