Мағжан Жұмабаев ауданындағы Қарағанды ауылының тұрғындарын ауызсу мәселесі бірнеше жыл бойы алаңдатқан. Жуырда түйткіл өз шешімін тапты. Елді мекенде орталықтандырылған су жүйесі іске қосылды. Тарқата кетсек, маңызды іс 2020 жылы басталған. Жоба бойынша барлық жұмысты өткен жылы аяқтау жоспарланыпты. Бірақ, мердігер ұйымның жауапсыздығы мен сот дауының салдарынан құрылыс тоқтап қалған. Мәселені шешу үшін ауылдағы ағайын қыркүйек айында «Әділет» партиясының қоғамдық қабылдауына ұжымдық өтінішпен жүгінеді. Мәселе аудан басшылығы мен жауапты ұйымдардың қатысуымен өткен жиында қаралып, нәтижесінде жуырда елді мекенге тіршілік көзі берілді.
НАТАЛЬЯ ПАРАТОВА, Қарағанды ауылының тұрғыны, М.Жұмабаев ауданы:
– “Біз суды алты жыл күттік. Мәселе ұзаққа созылған соң, қайтадан көмек сұрауға шешім қабылдадық. Бізге нақты жауап қажет болды. «Есіл су» филиалының мамандары ескі және жаңа су құбырларын біріктіріп, жүйені іске қосуға дайындады. Құбырлар шаюдан өткізіліп, қажетті техникалық жұмыстар атқарылды. Нәтижесінде ауыл таза ауызсумен қамтылды”.
Айта кетейік, маңызды іске 528 млн теңге бағытталған. Мұнымен құрылыс жұмыстары аяқталған жоқ. Мердігер жоба бойынша қалған 1 шақырым 400 метр су құбыры желісін тартып, 80 құдық орнатуы тиіс.
Нурасыл Ахмет